• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2016

Уақыт талабынан туған міндет

330 рет
көрсетілді

Парламент депутаттарының кезектен тыс Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары сайлауларын өткізу жөнінде Елбасының атына үндеу қабылдағаны белгілі. Осы үндеу Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып отыр. Соған сәйкес республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Заңды күші бар бұл қабырғалы құжат бүгінгі уақыт талабынан, бүгінгі атқарылатын істі ертеңгі күнге қалдырмау қажеттілігінен туындағаны белгілі. Осыған байланысты біз кеше кешке Қазақстан халқы Батыс Қазақстан облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Дос» қоғамдық қорының төрайымы В.К.ШОХИНАНЫ телефон арқылы сөзге тартқан едік. – Вера Кузьминична, Президент Жарлығының мәні мен маңызын қалай түсінесіз? – Жарлыққа қол қойылуын толығымен қолдаймын. Мұндай қадам ауқымды экономикалық жағдайларға және қазіргі кезеңнің күрделілігіне байланысты болып отырғаны сөзсіз. Қазіргі күні Ұлт Жоспарының прак­ти­калық кезеңі бас­талып та кетті. Соған орай дағдарысқа қарсы шараларды уақтылы жүзеге асыру үшін Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар де­путаттарының сайлауларын жедел түрде өткізу қажеттілігі туындады. Елбасы атына Парламент депутаттарының үндеу қабылдауының басты сыры да осында. Аталған сайлау өз уақыты бойынша алғанда алдағы күзге белгіленгені белгілі. Бірақ әлемдік экономикалық ахуалдың қиындауына байланысты мемлекет тарапынан жедел іс-шаралар алу қажеттілігі туындады. Солай болды да. Мұның басты көрінісі Елбасы Жарлығының жариялануы болып табылады. Елбасы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында мемлекетіміз бен қазақстандықтардың экономикалық дағдарыстың ықпалын қатты сезінбеуі және республикамыз барынша дамыған отыз елдің қатарына кіру бағытындағы мақсатына жетуі үшін тиісті міндеттерді айқындап берді. Депутаттар мен Елбасы осының бәрін ескеріп бүгінгідей қадамға барып отырғаны анық. Алдағы уақытта сайланатын депутаттар корпусының жаңа құрамы ел экономикасын және басқа да әлеуметтік-мәдени салаларды жаңғыртуға тың серпін бере алатынына сеніміміз мол. Жазып алған Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан».  Батыс Қазақстан облысы.