Алматыдағы MEGA сауда орталығында ән салды
Аталмыш сауда-ойын-сауық орталығында алматылықтарды елеңдеткен «Әлемдік классика жауһарлары» атты ерекше концерт өтті.
Концерттік бағдарламаның авторы ҚР еңбек сіңген қайраткері Гүлнар Жидилованың айтуынша, бүгінде Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев сияқты әйгілі тұлғалардың орны бөлек. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды. Қазіргі жас орындаушылар өз заманымен ілесе келіп, опералық өнерге жаңа өріс, тамаша шығармашылық жаңалықтар енгізуде. Театрда дарынды жастар өсіп, буын алмасуда. Театр да бұрынғыдай көрерменге тапшы емес.
– Алайда, қазіргі таңда адамдардың көбісінің қолы бос емес, қарбалас тіршілік. Сондықтан, классикалық өнеріміздің насихатталып жатқаны дұрыс. Мүмкін, болашақ көрермендеріміздің бірқатары сауда-ойын-сауық орталығында бізбен бірінші рет танысып, қызығушылық танытып, міндетті түрде театрға келер. Концерт кездерінде біздер солистерге қызыға, таңдана қараған балалардың жүзіне қарап, келешек көрермендерімізді танимыз. Осылайша өнерге баулимыз, – дейді Гүлнар Жидилова.
Сол сияқты, жоба авторлары Кеңес өкіметі кезінде Опера театры санаторийлерде, деалыс үйлерінде, қоғамдық орындарда концерт бергені туралы айтады. Ұлы Отан соғысы жылдары театрлық ұжымдар майданда және майдан алды аудандарда өнерлерін көрсеткен.Олардың арнайы аттары болған – «майдан бригадалары».
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Жомартов театр сахнасынан тыс, түрлі жағдайларда жұмыс істеу үшін, әртіске сыртқы факторлардан абстракциялануды үйрену қажеттігін алға тартады.
– Негізі опералық өнер – бұл экстремалды өнер. Біз көпшілікке «еш сақтық шараларынсыз», «минусовкасыз», «плюсовкасыз» (фонограммасыз) шығамыз. Ешқандай компьютер дауысты әрлемейді және түзетпейді. Біз табиғи өнерімізді көрсетеміз. Кез келген жағдайда, театрда немесе басқа алаңда форс-мажор, яғни, жайсыздық болуы мүмкін. Осы жерде қауышқан жаңа тыңдармандарымызды Абай атындағы Опера және балет театрындағы спектакльдерімізде күтеміз» – деді Болат Жомартов.
Сонымен сауда орталығының субұрқағының жанында өткен өнер шеруінде Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткерлері Дина Дүтмағамбетова, Болат Жомартов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Талғат Күзембаев, басқа да Венера Алпысбаева, Анастасия Кожухарова, Торғын Смайлова, Дана Таласпекова, Илона Тен, Халид Нуралиев, Дархан Жолдыбаев, Болат Қанағатов, Мақсат Махұлбеков сынды солистер әйгілі шетел және қазақ композиторларының: Гаэтано Доницетти, Джакомо Пуччини, Франц Легара, Иоганн Штраус, Джоаккино Россини, Сыдық Мұхамеджановтың, Евгений Брусиловскийдің опера мен оперетталарынан шығармалар орындады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.