Алматыда «Мүгедектерді Мәжіліске және мәслихаттарға сайлау» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.
Қазақстан баспасөз клубы ұйымдастырған жиынға Қазақстан Мүгедектер одағының төрағасы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің кеңесшісі Әли Аманбаев, «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығының төрайымы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің кеңесшісі Ләззат Калтаева, «Намыс» жоғары білімі бар мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің кеңесшісі Қайрат Иманалиев қатысып, көтерілген мәселелерге қатысты ұстанымдары мен ұсыныстарын білдірді.
«Бүгінгі таңда Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция бекітілген. Осы конвенцияға сәйкес мүгедектер мүгедектігі бар адамдарға байланысты түрлі стратегияларды, саясатты және бағдарламаларды әзірлеуге қатысуы тиіс. Сонымен қатар, бұл конвенция мүгедектерді үкіметтің атқарушы және заң шығарушы органдарының жұмысына белсенді қатысуға шақырады. Осыған орай, Мәжілістің тарауы туралы және Мәжіліс пен мәслихаттарға қос сайлауды қатар өткізу жайлы шешімді қолдаймыз. Ұлттық деңгейде Мәжіліске және аймақтық деңгейде мәслихаттарға мүгедектігі бар адамдар арасынан депутат сайлайтын уақыт келді. Мүгедектер арасында заң актілерін әзірлеуге, түрлі зерттеулер жүргізуге, арнайы әлеуметтік қызмет ұсыну бағдарламаларын жасауға белсене қатысқан жоғары білімді жандар бар. Сондықтан, ондай адамдардың Парламент және мәслихаттар жұмыстарына қатысуы қажет деп ойлаймыз. Олардың білек түріп, ұлттық және аймақтық деңгейде заң шығару қызметіне белсене араласуы мүгедектердің тұрмыс сапасын жоғарылату үшін лайықты жағдай жасауға мүмкіндік береді. Барлық партияларды Мәжіліске және мәслихаттарға өздерінің сайлау тізімдеріне мүгедектер ұйымдарының өкілдерін енгізуге шақырамыз», – деді баспасөз мәслихатында сөз алғандар.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.