палатаның жаңа Мәжілістің сайлауына дейінгі жұмысын талқылады
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат бюросының мүшелерімен кеңес өткізіп, Мәжілістің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты палата алдында тұрған міндеттерге әріптестерінің назарын аударды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Елбасының ауқымды реформаларын іске асыру кезеңінде еліміздің саяси партияларына сайлаушылардың жаңа сенім мандатын алу аса маңызды, деп атап өтті Сенат Төрағасы.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабындағы 5) тармақшаға сәйкес, өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты Мәжілістің уақытша болмаған кезінде Парламенттің конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау жөніндегі міндеттерін Сенат атқаратын болады. Осыған байланысты Қ.Тоқаев сенаторларға зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтіп, әріптестерін жұмысты мұқият атқаруға шақырды. Төраға депутаттардың сапалы заң шығару қызметін тиісті дәрежеде қолдауды қамтамасыз етуге Сенат Аппаратына тапсырма берді, сондай-ақ, Сенатта заң жобаларын қарау барысында талқылаудың және қабылдаудың белгіленген тәртібін қатаң сақтауға назар аударды.
Сенат Төрағасы Мәжілістің заң шығару қоржынында 56 заң жобасы болғанын айтты. Сенат Регламентіне сәйкес, Мәжіліс уақытша болмаған кезде Сенаттың қарайтын және қабылдайтын заң жобаларының тізбесін палата басшылығы белгілейді.