• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2016

«Үшқоңырдың» үшінші тынысы

352 рет
көрсетілді

Қалааралық автобекет жолаушыларға қайтадан қызмет көрсете бастады Алматыда әйгілі «Үшқоңыр» автобекеті араға 9 жыл салып, қайта іске кірісті. Өткен жылдың аяғында төлқұжатын жаңаша ресімдеген сауда орталығы бастапқыдағы «Үшқоңыр» автобекеті атауын қайтарып алды. Осыған байланысты қалааралық «Үшқоңыр» автобекетінің директоры Берік Ырысбайұлы АБДРАХМАНОВТЫ әңгімеге тарттық. – Берік Ырысбайұлы, ауқымы мен халқының саны ай санап емес, күн са­нап өскен алып Алматының «Үш­қоңыр» автобекетіне қатысты жыры осымен аяқталды деп айтуға бола ма? – Өздеріңізге мәлім, Қарасай ауда­нының жер аумағында 2007 жылы тұрғызылған «Үшқоңыр» автобекеті, өкінішке қарай, сол кезеңде толыққанды өзінің кәсіби мақсаттағы қызметін атқара алмады. Оның себептері көп... Көз үйренген, ет үйренген Алматыдағы қалааралық «Сайран» жолаушылар тасымалдайтын автобекетінен жолаушылар да, көлік жүргізушілер де бір мезетте қош айтысып кете алмады. Бірқатар мүдделі азаматтар да ав­тобекеттің қаланың ішінде болғанын қалады. Сондықтан да сол жылдары «Үшқоңыр» амалсыздан автобекет емес, сауда орталығына айналды. Жасыратын несі бар, сауда айналымы «Үшқоңырды» ұшпаққа ұшырмады. Қоғамдық ұйымдар, халық мұның бәрін көзімен көріп жүрді. Сіздің «жыры таусылды ма?» деген сауалыңыз соған байланысты айтылып отыр деп ойлаймын. Міне, бүгінгі таңда «Үшқоңыр» автобекеті өзінің әуел бастағы кәсіби қызметіне кірісті. – Автобекеттің бастапқы қызметін қайтарып алуына себептер де болған шығар? – Алматы қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес үлкен қалаға қызмет ететін үлкен үш автобекет салынуы тиіс. Қазіргідей дағ­дарыс жағдайында қандай да бір ауқымды құрылыс нысанын салуды жобалағанмен, оны тұрғызу да оңай шаруа емес. Осы орайда, «Үшқоңыр» барлық тараптан сараптап келгенде де қазіргі заманғы автобекеттік та­лаптар үдесінен шықты. Алматы қа­ласы мен Алматы облысының әкім­дігі мен көлік және жолаушылар тасымалына қатысы бар барлық құзырлы ұйым­дардан құралған комиссия мү­шелері «Үшқоңырға» келіп, оның болашақта атқаратын қызметі және мін­детімен кеңінен танысты. Комиссия бірауыздан біздің автобекеттің мем­ле­кеттік жоспардағы үш нысанның, оның ішінде оңтүстік бағыттағы автобекеттің орнын толықтай басатынына, қызметін атқаратынына сенім білдірді. Тиісті орындар автобекеттің құжатын заңдастырып берді. – Қалааралық автобекеттің дәл бү­гінгі күндердегі халыққа қызмет көр­сету жайы туралы не айтуға болады? – Сметалық жоба бойынша бұл автобекетте 2100 жолаушы аялдайтын күту залы мен 200 автобусқа арналған тұрақ алаңы бар. Қазіргі біздің болжамымыз бойынша – қажет болған күнде «Үшқоңырдың» 4000 адамға дейін қызмет көрсетуге шамасы жетеді. Ол үшін экономикалық мүмкіндігі де, заңдастырылған жер телімі да бар екенін айта кеткім келеді. – Қандай проблема бар? – Ең бірініші проблема – мейман­хана мәселесі. Біздің аумақта бар бол­ғаны жалғыз ғана 42 орындық қо­нақ үйі салынған. Алыс жолдан кел­ген автобус жүргізушілері үшін дұ­рыс­тап ты­нығып, жолға қайта шығу өте ма­ңызды мәселе саналады. Сол се­бепті де, біз қасымызда тиіп тұрған Қас­келеңнің атақты «Барыс» автомобиль сауда орталығының қонақ үйлерін жалға ал­мақпыз. Жүргізушілердің бірқатары өз­дері үйреніп алған «Алтын Орда» сауда орта­лығының мейманханаларына барып тынығып жүр. Өз тарапымыздан айтарым, көктем шығысымен автобекеттің оң­түстік-шығыс аумағында екі қабатты үл­кен қонақүйдің құрылысын бастаймыз. Мұ­ның барлығы да таяу арада шешілетін мә­селелер. Ең басты проблемамыз осы ғана... – Мәселен, 1000 немесе 500 шақы­рым жол жүріп келген жолаушы Ал­матыға жету үшін «Үшқоңырдан» кө­лік ауыстырып мінген сәтінде мін­детті түрде «Алтын Орданың» кеп­теле­гіне түседі. Ең үлкен проблема осы емес пе? – Оныңыз рас... Бірақ, біз мұның барлығын да алдын ала ойластырып қойдық. Бізге Қаскелең автобус паркінен 50 «Газель» микроавтобусы мен қырық орындық 3 жайлы автобус қызмет көр­сетеді. Сондай-ақ, бұлардың қатарына алматылық №303 маршруттық жолаушылар автобусы қосылды. Біздің болашақ мүддеміз үшін және де ең алдымен, жолдан шаршап жеткен жолаушылардың көңілдеріне кірбің ұялатпау жағын алдын ала қарастырдық. Біздің автобус­тарымыз «Алтын Ордадан» кідіріссіз өтіп жатыр. Жолаушылар тарапынан да, жүргізушілер тарапынан да бізге ондай шағым әзірге түскен жоқ. – Мұныңыз адам сен­гісіз әңгімеге ұқсап кеткен жоқ па? – Ол рас. Оның тағы бір себебі, жолаушылар бізге жол кестесі бойынша таң мезгілінде келеді. Немесе түн ортасында дегендей... Бұл уақытта «Ал­тын Ордада» жол кептелегі болмайды. Рас, алғашқы күндері автобустан Алматыға жетпей түскен жолаушылар абдырап, не істерін білмей қиналғаны рас. Біздің қызметкерлер дереу жол сілтеді, көмектесті. Қалаға баратын ми­кроавтобустарға отырғызды. Қазір бә­рі де орын-орнына келді. Автобустан түскен жолаушы 100 теңгесін төлейді де, микроавтобусқа мініп, діттеген жеріне жетеді. Асықса, қызмет көрсетуге дайын фирмалық таксилер тізіліп тұр. Қазіргі таңда Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз қалаларынан келген автобус­тар жаңа автобекетте тұрақты түрде ор­нығып жатыр. Болашақта еліміздің солтүстік жағынан келетін жолаушылар көлігін қабылдау мәселесі күн тәртібінде тұр. – Халық көп шоғырланған жерде ең алдымен өзіңіз айтқан демалатын жай, сол секілді, әрине, тамақтанатын орын болуы міндетті? – Иә, ол рас, ас – адамның ар­қауы. Қазір бізде жолаушыларға алғаш­қы­лардың бірі болып «Ақ дастархан» дәмханасы дәм-тұзын ұсына бастады. Келушілер дәмхана қызметіне риза. «Ақ дастарханның» қатарынан орын алмақ ниеттегі тамақ дайындаушылар­дан ұсыныстар түсуде. Бәріне де қолдау білдіруге дайынбыз, алайда, біз ең алдымен халыққа қызмет көрсетудің мейлінше мінсіз болу жағын өте-мөте қатаң қадағалаймыз. Үміткерлерге осы жағын ескерттік. – Қазіргі «Үшқоңыр» автобекетінде қанша адам халыққа қызмет көр­сетеді? – Мекемеде мені қосқанда штат бойын­ша 32 адам бар. Қызмет ауқымы өскен тұста штаттық адам саны қосылуы мүмкін. Әзірге осы топ «Үшқоңырдың» жұмысын дөңгелетіп жүр. Жалпы, біздің автобекет аумағында 200-ге жуық сауда нүктесі бар. Ісіміз алға жүргелі олардың барлығы да терезесін ашты. Мұның өзі қазіргі заманның талабымен өлшем жасағанда, әрбірінде екі адам бар деп есептегенде, біз бір мезгілде 400 адамды жұмыспен қамтамасыз еттік. Дағдарыс жағдайында мұның маңызы бар деп айтар едім. Сол секілді барлығы 7,5 гектар жер аумағының 5 гектары ғана автобекет аумағы болып саналады да қалғаны сауда орындарын қоныстандыруға бейімделген. Мұның сыртында көктем шыға автобустарға техникалық қызмет көрсететін орындарын ашамыз. Ол да қосымша жұмыс орны емес пе? Бір сөзбен айтқанда, автобустардың тек қана жасалған кесте бойынша мез­гілінде жүріп-тұруы үшін бар жағдай бар. Ол біздің жұмысымыздың негізгі көрсеткіші болып саналады. Кассалық орындар, диспетчерлік орталық бәрі де ойдағыдай жұмыс жүргізіп келеді. Ұжым­ның бұл саладағы жұмысында мін жоқ. – «Үшқоңырдың» болашағын көз алдыңызға елестетіп көріңізші... – Ол бір ғажап кезең болғалы тұр. Өзіңіз білесіз, Алматы қаласының ауқымы ұлғайған үстіне ұлғаюда. Өткендегі бізбен ресми кездесуінде қала басшыларының айтқаны, «Алматы-2020» мемлекеттік бағдарламасында метро таяу болашақта біздің бағыттағы «19 шақырым» атты елді мекеніне дейін созылады. Одан бері қарай Қаскелең қаласына жеңіл құйылған рельсті көліктер жүргізу жоспарда бар дейді. Демек, бұл «Үшқоңырдың» үшін­ші кезектегі нағыз қызмет тынысы өрісті болады деген сөз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.