Сайрам ауданы Ақарыс ауылының тұрғыны Тамара Биназарова «OTAU TV» телерадиохабар тарату желісінің миллионыншы абоненті болып анықталды.
«OTAU TV» мерейтойлық абонентке теледидар тарту етті. Сонымен қатар, Тамара енді «Толық» ақылы арналар топтамасын бір жыл бойына ақша төлемей-ақ көре алады.
Тамара Биназарованы құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов «Мерейтойлық абоненттің дәл осы Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққаны тегін емес. Шекаралас жатқан әрі халқы тығыз орналасқан өңір үшін ақпараттық қауіпсіздік мәселесі өте өзекті. Осы мақсатта 2015 жылы республика бойынша шекаралас аймақтарда 297 РТС салынса, оның 66-сы ОҚО аумағында қолданысқа берілді. Көптеген жыл бойы шекаралас аумақтардың тұрғындары жерсеріктің көмегімен көршілес елдердің телехабарын қарап келген. Сонымен қатар, таяу жылдарға дейін облыстағы 67 елді мекеннің тұрғындары аналогтық желіде небәрі 1-2 телеарнаны тамашалаған. Енді цифрлық жерсеріктік және эфирлік телехабар тарату желілері іске қосылғалы бері, оңтүстікқазақстандықтар цифрлық сападағы отандық телеарналар хабарларымен толық қамтамасыз етілді», деді.
«OTAU TV» жерсеріктік желісі 2011 жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен елімізде тұңғыш рет қосылған. Бүгінде ол Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді болды. «OTAU TV» арқылы 40 телеарнаны тамашалап, 14 радиохабарларын тыңдауға болады. Бұл туралы миллионыншы абонентті құттықтауға арнайы келген «Қазтелерадио» бас коммерциялық директоры Бақтияр Ошурбаев айтты.
Бүгінде шамамен «OTAU TV» өнімін еліміздің төрт миллион адамы, яғни 23 пайызы көреді екен. Ал оның әрбір төртінші абоненті оңтүстік тұрғындарына тиесілі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.