«Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды
Өткен жылдың жазында Құрманғазы ауданында тұратын Ермахан мен Бейбарыс есімді қос өреннің өзенге батып бара жатқан әйелді құтқарғаны туралы жазған едік. Сол оқиғаны қысқаша баяндар болсақ, жаздың аптап ыстығында суға түсіп, бой сергітуге келген олар көмек сұраған әйелдің дауысын естіген. Қас-қағым сәтте екеуі де өз өмірлерін қатерге тігіп, өзенге секіреді. Сөйтіп, көмек күтіп арпалысқан анасындай жанды судан алып шыққан. Олардың ерлікке пара-пар ісі ескерусіз қалмады. Екеуі де «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Бұрнағы күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алыс ауданда тұратын Ермахан мен Бейбарысты Атырауға арнайы шақырды. Өңір басшысы қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюдың іс-шаралары туралы мәселеге қаныққан облыстық мәслихат депутаттары алдында Ермахан Насихан мен Бейбарыс Қайроллаұлына аталған төсбелгілерді тапсырды. Сонымен бірге, ержүрек балаларға бағалы сыйлықтар ұсынды.
АТЫРАУ.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.