АСТАНА. 22 қаңтар. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында университет түлегі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлының 70 жылдық мерейтойына орай «Ұлт руханиятының қайнар көздері: тіл мен әдебиет, білім мен тәрбие» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық мәжілісі өтті. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Конференция жұмысына республикамызға белгілі ғалымдар, облыстың зиялы қауым өкілдері, университет оқытушы-профессорлары мен орта және жоғары оқу орындарынан келген ұстаздар, студенттер, магистранттар және докторанттар қатысты.
Жиынды ашқан университет ректоры, т.ғ.д., профессор Қылышбай Бисенов: «Өз ортасында беделді, кішіге қамқор, үлкенге ізетті ағамыз қашанда өзінің тағылымды жолын кейінгі ұрпаққа үлгі етіп келеді. 70 жылдық мерейтой қарсаңында өзінің жеке кітапханасынан университет кітапханасына 800 дана тіл білімі мен әдебиеттану ғылымына қатысты ғылыми еңбектер мен көркем шығармаларды тарту етуі осындай өнегенің бірі деп ойлаймыз», – деді. Сондай-ақ, университет басшысы мерейтой иесіне ізгі лебізін білдіріп, әріптестерінің атынан құттықтауын жеткізді.
Конференция барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразизия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Жантас Жақыпов «Жеңіс желісі», Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Темірхан Тебегенов ««Сыр бойы» газеті – Сыр өңірі ақын-жазушылары шығармашылығы қалыптасуының ықпалды құралы», Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Бекен Сағындықұлы «Дәстүрлі грамматика: жақты сөйлем табиғаты», Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдестемелік орталығы директорының орынбасары, ф.ғ.к. Бижомарт Қапалбек «Синтаксисті танудағы қайшылықтар» тақырыптарында баяндама жасап, әдебиеттану ғылымы және тіл білімінің өзекті мәселелерін ортаға салды.
Конференция жұмысы одан әрі университет ғылыми кеңесінің салтанатты мәжілісімен жалғасты. Онда Жеңіс Сәдуақасұлына Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Ғалымның өнегелі өмірі мен ғылым жолындағы еңбегі, іскерлік, ұйымдастырушылық ерекшеліктері туралы профессор Бағдат Кәрібозұлы бастаған әріптестері мен шақырылған қонақтар естеліктерін айтып, еліміздің әр түкпірінен келіп түскен құттықтау хаттар таныстырылды.
Бүгінде профессор 3 монография, 7 оқу құралы, 200-ге жуық ғылыми-публицистикалық және әдістемелік мақалалардың авторы. Оның жетекшілігімен 1 ғылым кандидаты, 16 магистр диссертация қорғаған. Ал жиын соңында қатысушыларға конференцияның ғылыми еңбектер жинағы таратылды.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің баспасөз қызметі.