Кеше Жоғарғы Сотта жоғары сот органы судьяларының өткен жылы сот төрелігін атқарудың қорытындысы бойынша «Заң үстемдігін қамтамасыз ету – соттардың басты міндеті» тақырыбы аясында алқа мәжілісі өтті. Іс-шараға Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин, облыстық соттардың төрағалары, Судьялар одағы мен соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы қатысты.
Алқалы жиынды ашқан Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңін іске асыру басталғанын атап өтті.
Осы кезге дейін 59 заң күшіне енді, олар мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық ортаны құрайды. Мемлекеттік құрылыстың осы кезеңіне көшу бес институттық реформамен айқындалады. Барлық бес институттық реформаның табысты орындалуы заң үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей тәуелді, – деген Қайрат Әбдіразақұлы бұл міндет кеңейтілген қорытынды мәжілістің басты тақырыбына айналып отырғандығын атап өтті.
Сондай-ақ, отырыста азаматтық және әкімшілік істер бойынша құқық қолдану практикасының өзекті мәселелері туралы Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров та сөз алды. Ол бірыңғай сот практикасын қалыптастыру – қорытуларды жүргізу, нормативтік қаулыларды қабылдау, сот істерінің электронды жіктегішін жасау және енгізу бойынша жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
– 2015 жылы соттардың оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдануы, азаматтардың тұрғын үйді жекешелендіруі, авторлық құқық және сабақтас құқықтар, моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдану практикасы, сот төрелігіне қол жеткізу құқығы және Жоғарғы Соттың сот актілерін қайта қарау жөніндегі өкілеттілігі туралы нормативтік қаулылар қабылданды, – деді.
Сонымен қатар, қылмыстық істер бойынша сот төрелігін сапалы жүзеге асыру туралы айтқан Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин өткен жылда республика соттарына 2014 жылмен салыстырғанда бес мыңға артық қылмыстық істер түскендігін мәлімдеді. Оның пікірінше, тергеу судьялары институты жұмыс істеген кезеңінде қалыптасып, өзін-өзі ақтаған. «Жалпы алғанда өткен жылы тергеу судьяларының қарауына 25 мыңнан астам өтінішхат, шағым және ұсыным түсті. Оның ішінде 2 732 өтініш ҚПК-нің 106-бабының тәртібінде қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және прокурор шешіміне, олардың бірқатары толық көлемде немесе ішінара қанағаттандырылған», деді ол.
Жоғарғы Сотта құрылған жаңа мамандандырылған сот алқасының жұмысы жөнінде аталған мекеменің төрайымы Айгүл Қыдырбаева сөйледі. Оның сөзіне қарағанда, инвестициялық даулар бойынша жеке сот ісін жүргізуді қалыптастыру «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 23-қадамында көрсетілген бағыттар бойынша пікір білдіріп, инвестициялық алқаның соттылығы мен Жоғарғы Сот жанында құрылған Халықаралық кеңес қызметі туралы кеңінен баяндады. Мәжілісте Жоғарғы Сот судьясы, Сот жюриінің төрағасы Моряк Шегенов, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин және Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс Испанов сөз алып, жиналғандарды электрондық сот төрелігін енгізу бойынша атқарылған жұмыс туралы хабардар етті. Құқық қорғау саласындағы құзырлы органдар арасында сот органдарының «Төрелік» атты автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі өткен жылдан қолданыла бастағаны да айтылды. Сонымен қатар, істерді автоматты түрде бөлудің тетігін жетілдіру, сот жүйесін мүдделі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ықпалдастыру, «Сот кабинеті» сервисін дамыту сынды тақырыптар да күн тәртібіндегі талқыға түскен мәселелердің бірі болды.
Жиын соңына қарай отырысты қорытындылаған Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Әбдіразақұлы Мәми биылғы жылға бірқатар міндеттерді жүктеді.
Оның айтуынша, көрсеткіштер соттардың өткен жылғы сот төрелігін іске асыру бойынша сапалы жұмысын куәландырған: 2015 жылы соттар істерді 2,5 пайызға артық аяқтаған, сот актілерінің абсолюттік көпшілігі заңды әрі негізді деп танылған. Ал жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың жағдайларында соттарға түскен барлық қылмыстық істердің үш бөлігінен астамы қылмыстық теріс қылықтарды құраған. Әрбір оныншы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жеделдетілген тәртіпте аяқталып, 1 423 іс бойынша жеңілдетілген сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Кінәні мойындау туралы мәмілелер бойынша да белгілі практика қалыптаса бастаған. Мұны келісімдік іс жүргізуде қарау үшін 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс түсуінен де аңғаруға болады екен.
Сондықтан да сапалы судьялық корпусты қалыптастыру мәселелерінде сот төрелігін жоғары моральдық қағидаттары бар ең лайықты кәсіби мамандар іске асыруға тиіс әрі асырады да. Осыған байланысты Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды. Сот төрелігі институтын Жоғарғы Соттың қарамағына беру мәселелері заңнамалық деңгейде шешілді.
Атап айтқанда, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау бойынша қажетті заңнамалық жұмыс атқарылып, сот жүйесін реформалау жөніндегі 11 қадамның барлығын іске асыру бойынша қажетті заңнамалық жұмыс атқарылды, – деді Қайрат Әбдіразақұлы.
Жалпы, 2016 жылдан бастап енгізілген сот ісін жүргізудің үш сатылы үлгісі халықаралық стандарттарға сай келетіндігі, сот шешімдеріне тезірек күшіне енуге мүмкіндік беретіндігі және процесті жасанды түрде созу мүмкіндігін төмендететіндігі атап өтілді. Соттардың залдары сот талқылауын аудио, бейнежазба аппаратурасымен жабдықталуда және жазуды тоқтата тұру немесе редакциялау мүмкіндігінің жоқтығы да айтылды. Төраға тілге тиек еткен мәселелер қатарында соттарды реформалау бойынша бірқатар институттық шешімдер ерекше белгіленді. Олардың ішінде құрметті демалысқа шыққан судьяларды зейнетақымен қамсыздандырудың жаңа жүйесі: яғни, осы жылдан бастап зейнеткер судьяларға ай сайынғы өмір бойғы қамтылым төленетін болады. Бұл ретте, зейнеткер судьялардың қызметіне кез келген шектеулер қойылмайтындығын да ескере кеткен жөн.
Жоғарғы Сот Төрағасы түйінсөзде соңғы кездері елде орын алып жатқан қоғамдық әлеуметтік-саяси жағдайларға да тоқталып өтті. Мемлекет басшысының арнайы Жарлығы негізінде бекітілген, ағымдағы жылдың 20 наурызында болатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауына да баса назар аударды. Ол сайлау заңнамасының бұзушылықтарына байланысты барлық шағымдар мен өтініштерді соттар қысқа мерзімдерде және кідіріссіз қарауды қамтамасыз етуге міндетті екендігіне ерекше тоқталды.
Сондықтан да Жоғарғы Сот судьялары мен облыстық соттардың төрағалары алдында алдағы электоралдық кезеңде соттардың жұмысын жоғары деңгейде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Осы міндетті мінсіз орындап шығуға әрқайсымыз атсалысуымыз қажет, – деді төраға.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқан реформалардың іске асырылуына жергілікті жерлердегі бірінші басшылардың дербес жауаптылығы туралы ескертуді сала мамандарының қаперіне салып өтті.
Айта кетейік, мәжіліс шеңберінде қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізу, Жоғарғы Сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінің 2015 жылғы жұмысының қорытындыларын шығару мәселелері бойынша Жоғарғы Сот алқаларының кеңейтілген отырыстары өткізілді. Бұдан басқа, «Арбитраж мәселелері бойынша заңнамалық новеллалар туралы» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
журналист.