Соғыс кезіндегі ғашықтар осынша жылдан соң кездесуге асығады
Американың Вирджиния штатында тұратын Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Норвуд Томас «Валентина күнін» бұдан 72 жылға жуық уақыт бұрын ажырасып қалған ғашығы Джойс Морриспен Австралия жерінде қарсы алғалы отыр. Бұрынғы майдангердің бұл кездесуіне керекті қаржыны 2015 жылғы қарашадан бастап Краудфандинг сервис орталығы жинап, қолына 7 мың доллар тапсырады. Енді осы ақшаға Томас ақпан айында Австралияға сапар шекпекші. Ал Air New Zealand авиакомпаниясы оны «жасыл континентке» тегін алып-барып қайтпақшы.
Осы кездесуге негіз болған оқиға былтырғы 12 қараша күні өтіпті. Бұған соғыстан кейін Австралияға келіп, тұрақтап қалған Морристің бұдан бірнеше жыл бұрын парашютпен секірген қарияның қазір интернетті де еркін меңгеріп алғаны туралы жаңалықты көруі себеп болыпты. Экранға қарап отырған кейуана ондағы кейіпкердің өзінің баяғы жігіті екеніне еш күмән келтірмейді. Сосын оны ескі суреттермен салыстырып шыққан ол ұлына осы адамды тауып беруді тапсырады. Сөйтіп, бірнеше күннен кейін 93-тегі Томас пен 88-дегі Моррис соғыстан кейін бірінші рет Skype арқылы сөйлесіп, бір-бірлерінің түрлерін көрген.
21-дегі Норвуд Томас пен 17-дегі Джойс Моррис 1944 жылдың көктемінде Лондонда танысады. Олар мұнда бірнеше айды бірге өткізеді. Алайда, кейін әскери басшылық Норвудты Францияға жібереді. Ол соғыс біткесін, сол жақтан Құрама Штаттарға оралады. Жастар содан кейін де біраз уақыт хат-хабар алысып тұрады. Соңында Норвуд Джойсқа Америкаға келіп, өзіне тұрмысқа шығуды ұсынады. Бірақ қыз медбике оқуын оқи бастағанын айтып, бұдан бас тартады.
«Сол кезде мен өзімнің оны одан гөрі қаттырақ сүйетінімді түсіндім», – дейді қазір ардагер. Осыдан кейін бұл жұп бір-бірлерімен хабарласуды доғарады. Ал 1996 жылы Англияда Джойс есімді медбикенің ұшақ апатында қаза тапқанын естігенде, Норвуд оның өзінің жігіт күніндегі сүйіктісі екеніне еш күмән келтіре алмайды.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.