• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2016

Арманымыз асқақ, мұратымыз биік

1017 рет
көрсетілді

2016 жыл Қазақстан Тәуелсіз­дігінің 25 жылдық ұранымен ұлағатты істерге жол сілтеп, 1 қаңтардан бастап «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Кемел келешекке бағыт болған Елбасымыздың Ұлт Жоспары Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін маңызды тапсырмаларды қамтитын Жол­даулардың негізгі тетіктерін іске асыратын ғаламдық жоба. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан ағамыздың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласын оқи отырып, мен өзімнің бақытты елде тұрып жатқанымды барынша түсініп, бізге осындай сұңғыла саясаткерді сыйлаған Жаратқанға мың да бір тағзым етіп, алғыс айтамын. Қаншама мәселелер қамтыл­ған, қаншалықты тереңнен қозға­лып, түсінікті жазылған ғала­мат маңызды жобалар әлем пре­зиденттері мен ірі саясаткерлердің қол жетпейтін аңсаған арманы дер едім. Біз – арманы асқақ елміз. Біз – бәсекеге қабілетті ұлтпыз. Біздің елде ұлт пен ұлыстар және көптеген этностар болғанымен, мақсатымыз ортақ, мұратымыз – бір. Ол елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды – Мәңгілік Ел ету! Елбасымыздың сөзімен айтар болсақ: «Біз тәуелсіз Қазақстанды Ұлы Дала елі ретінде жаңадан қалыптастыра алдық. Енді осы бағытымызға күш-қуат беріп, елімізді әлемдегі ең озық 30 мемлекеттің біріне айналдыру тұрғысында ұлы мұратты іске асыруға батыл қадам жасап келе жатырмыз. Сол ұлы мұ­рат­ты іс жүзіне асыратын ұлы Ұлт Жос­парымыз да бар. Бұл жоспар барлық жаңғыртуларға, жаңаруларға серпін беретін жос­пар. Егер біз бірлік пен татулы­ғымызды біріктіріп қимыл жа­сасақ, Қазақстан халқының алмайтын қамалы, аспайтын асуы жоқ деп ойлаймын». Белгілі бір мақсатқа қол жет­кізу үшін, ең алдымен, өзің­нен бастауың керек. Өзің үшін, отбасың, елің үшін қызмет жасасаң, сонда ғана әрбір азамат өзіне не керектігін түсініп, қадірін біледі. Сол кезде ғана біз дамыған мемлекеттермен бірге, қатар тұрып теңесе аламыз. Экономикамызды ғана емес, енді мемлекетімізді, қоғамдық ортаны жаңғырту идеяларын қолға алуға тиіспіз. Патриоттық сезімі күшті, ана тілін құрметтейтін, рухани бай ел қай заманда да бақуат тұрған. Сондықтан да, күнделікті өмірде не болып жатқанынан хабардар болып, ел тағдыры мен ұлт болашағы үшін жасалынып жатқан игі шараларға неғұрлым белсенді араласатын болсақ, алдымыздағы бар­лық кедергілерді, эко­номикалық дағ­да­рыстарды соғұрлым тез­детіп жеңе аламыз. Ал қиындық атау­лыны жеңудің бір ғана жолы бар. Дана халқымыздың қадір тұтқан қасиетті сөздерімен – «Көппен көрген ұлы той» деп ізгі бастамалардың ұйытқысы болып, ынтымақ пен бірлігімізді бекітіп, кеңдік пен кемеңгерлікте, сабырлық пен іскерлікті көрсетіп, бір-бірімізге қарайласатын, ағайындықты көрсететін, танытатын күн туды. Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін мемлекеттік емес сектордың жұмысын мейлінше жандандыруымыз керек. Себебі, елімізде реформаларды жүзеге асыру тек мемлекеттік органдарға ғана жүктелген міндет емес. Бұл туралы Елбасымыз ылғи да айтып келеді. Азаматтық ауызбірлік ауадай қажет болып отырған кезде азаматтық қоғамды одан әрі дамыту қазіргі реформаның бір ба­ғыты. Жалпы, азаматтық қоғамды қалыптастыру орайында бізде бұрыннан келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы арнайы жоспар қабылдап, этномәдени бірлестіктер қоғамдық жұмыс­тарға үздіксіз араласып келеді. Бүгінгі реформада мемлекеттік емес секторды жергілікті бас­қару органдарымен белсенді ынтымақтастыру жоспарланған. Осы тапсырмалар тиісінше міндетті түрде орындалуы қажет. Әлемді сілкініске салған табиғи апаттарға, экстремистік әрекеттер мен экономикалық дағдарыстар және саяси-әскери қақтығыстар сияқты сыртқы жағымсыз фактор­лардың да кері әсері аз болмай тұр. Соған қарамастан, дер кезін­де жедел іс-қимылдарымыз бен эко­номикалық-әлеуметтік қор­ғану шараларын қолданып, ұдайы алға басып келеміз. Елбасы атап көрсеткендей, ең басты құндылығымыз, тәуелсіздігіміздің тірегі – ел бірлігін көздің қара­шығындай сақ­тай білуіміз керек. «Төртінші ре­форманың біре­гей­лік пен бірлік деген бағыттарын қа­лып­тастыру үшін ­екі не­гізгі тетік қа­­­лып­­тас­қан. Оның біріншісі – Қазақстан халқы Ассамблеясы институты. Екін­ші­сі – барша қазақ­стан­дықтардың алпыс екі тамырына қан теуіп, рухын көтеретін қазақ халқының дана халық екенін әлемге паш ететін, жүрегімізге жылы, қонымды да жақын болған жаңа идея ол – Мәңгілік Ел, жалпыұлттық патриоттық идеясы» деді Елбасымыз. Мемлекетімізді, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне еніп, қызмет атқаруда. Реформа мемлекеттік қызметтегі жүйені өзгертеді. Бұл өте қажет. Жоғары оқу орындарын бітіре сала бірден басшылық қызметке орналаса қалатын дөкейлердің қауқарсыз балаларының саны азаяды. Осы тұрғыдан «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру арқылы жаңа белестерді бағындырып, шеберліктің шыңы­на жете білсек, өмір сапасын жақ­сартамыз. Ерінбей еңбек етсек, талмай ғылым іздеп, жалықпай техниканы меңгерсек, тұрмысымыз жақсы, абыройымыз асқақ болады. Мемлекетіміздің тәуелсіздігін, қуаттылығы мен тұрақтылығын, қауіпсіздігі мен берекесін, сәулетті де дәулетті тұрмысын гүлдендіре аламыз. Ғасырлар қойнауында ата-­бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның тәуелсіздігі асыл арман болып келсе, ол қазір бірте-бірте орындалып келеді. Әлемнің ұлы ойшылдарының бірі Вольтер «Мемлекетті құру үшін бір ғана ұлы тұлға жеткілікті» деген екен. Көрегенділігі мен даналығында шек жоқ, алыстан көздейтін алғыр, аса көрнекті реформатор, белгілі стратег, талабы биік, талғамы зор, жасампаз тұлға, Қазақстан халықтар дос­тығының символы болған, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа идеялармен алдын ала дұрыс жоспарлар және бағдарламалық ұсыныстар жасауда жаһанның ірі танымал саясаткері, әлемнің қайталанбас заман тұлғасы еке­нін айтқым келеді. Ол – ортақ Отанымыз, туған топырағымыз, қасиетті мекеніміз мәңгілік Қазақ елін дәулетті, өркениетті елдер қатарына қосқан көшбасшы ғана емес, сонымен бірге, әр азаматтың бақуатты, алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасаған ұлы тұлға. Ел келешегін әріден ойлай­тын Елбасымыздың кемел саясатының арқасында, бүгінде ұлт пен ұлыстардың бірлік-ынтымағының ұйытқысы болған мәртебелі қазақ халқының ілтипаттығы мен кеңдігінің арқа­сында бүгінде көпұлтты мемле­кетімізде ынтымақтың ошағы жағылып, тұрақтылықтың туы тігілді. Осындай елімізде барша қазақстандықтарды бір мақсатқа жұмылдырып, біздің ортақ арманымыз Ұлы Дала елін теңдесі жоқ бірліктің арқасында жасампаз ұлы істермен биік белестерге көтере алатынымызға мен кәміл сенемін. Себебі, біздің тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Тұрақтылық, білегіміз – Бірлік. Болмыс-бітімінде әлеумет сүйсінетін қасиеттері мол мәр­те­­белі қазақ халқының дарын­­­ды­лар мен даналарды, да­ныш­­пандар мен ұлыларды, Нұрсұлтандай көсемдерді туғыз­ған жомарт қазақ халқының ақыл-ой біліміне, орасан зор қа­білетіне сенемін. Бар әлеуетін әлі алмаған, болашақта алатын қазақ халқының Мәңгілік Ел аясында әлі талай асуларды асып, талай белестерді бағындыратын парасаты мен талантына, қайсар рухына сенемін. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлт­ан­ ­Назарбаевтың «Қа­зақстан-2050» Стра­тегия­сында Мәң­гілік Елге бастайтын абырой­лы да мәр­тебелі жолдың іргесін қалап, халқымыздың асқақ арманы мен биік мұраттарына жол бастады. Мемлекетіміз абыройлы жеңістерге жетіп, өркениетті, дәулетті ел қатарында болып, әлем сахнасында ұлттық мемлекет ретінде салтанат құратынына сенемін. Салтанатымыз қашанда баянды болсын, мәңгілік болсын, ардақты Қазақ елі, құрметті әзиз халқым! Қазақбай ҚАСИМОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.