АСТАНА. 23 қаңтар. Тәжікстан Парламентінің төменгі палатасы Конституцияға республика басшысы Эмомали Рахмонның шек қойылмайтын мөлшерде сайлауға түсуіне мүмкіндік беретін түзетуді бекітіп берді. Бұл туралы ras.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.
Бұған дейін ел Конституциясының 65-бабы бір тұлғаның қатарынан екі реттен артық президент болуына тыйым салатын еді. Енді қосымша «Бейбітшілік пен ұлт бірлігінің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысына» аталған баптың төртінші тармағында қарастырылған бұл шектеудің жүрмейтінін» ашып көрсетіп отыр. Ал «Бейбітшілік пен ұлт бірілігінің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысының құқықтық мәртебесі мен уәкілеттіктерін конституциялық заңның қамтамасыз ететіні» ашып жазылған.
Түзетулер сондай-ақ, кандидат үшін шектеулі жас мөлшерінің 35-тен 30-ға дейін түсірілетінін де қарастырған.
Еске сала кетейік, парламент «Бейбітшілік пен ұлт бірлігінің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы туралы» заңды 2015 жылғы 30 желтоқсанда қабылдаған болатын.
Осы өзгерістер сондай-ақ, республика президенті Эмомали Рахмонның үлкен ұлы Рустам Эмомалидің 2020 жылы өтетін президент сайлауында өзінің кандидатурасын ұсынуына мүмкіндік береді. Сол жылы оның жасы 33-ке келеді. Демек, қолданыстағы ендігі Конституцияға сәйкес, Рустам өзін мемлекет басшысының орынтағына ұсына алады.
Депутаттар қолдау көрсеткен бұл түзетулердің барлығы республика Конституциялық сотының сараптамасына жіберіледі. Содан кейін «Тәжікстан конституциясына өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» заңның жобасын талқылайтын бүкілхалықтық референдумның өткізілетін мерзім белгіленеді.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: ras.kz.