• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2016

Энергетиктер жаңартылған құрылғыны іске қосты

211 рет
көрсетілді

Өңірдегі Ақсу қаласында орналасқан Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-та қуаты 220кВ болатын тарату құрылғысына жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұл құрылғы алып стансада сонау 1969 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ал жаңарту, жаңғырту жұмыстары 2009 жылы басталды. Жобаның құны 2 млрд. теңгені құрайды. Жалпы, АТҚ-220 кВ аталатын бұл құрылғы станса маман­дарының айтуынша, екі жұмыс қон­дырғысынан, бір айналмалы дөңгелек жүйесінен, 15 жоғары вольтты ұяшықтардан тұрады. Ұя­шықтар станса өндірген электр қуатын қабылдап алады да АТҚ-110 арқылы 500 кВ қуат кү­шін таратып, Еуразиялық Топ құра­мындағы«Казхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты, Қазақстан электролиз зауыты және «KEGOС» АҚ сияқты тұтынушыларға жібереді. «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ электр энергия­сын және көмір өндірушілердің бірі. Елімізде өндірілетін электр энергиясының 17 пайызын, көмірдің 20 пайызын өндіреді. Алып кәсіпорын екі құрылымдық бөлімшені біріктіреді: «Шығыс» көмір кеніші және Ақсу электр стансасы. Корпорацияда 6 222 адам еңбек етуде. Ал алып құрылғыны қайта жасақтау кезінде ескіріп, тоз­ған барлық ұяшықтардың жаб­дық­тары алмастырылыпты. Олар­дың ішінде электр-газдық ажырат­қыштар, қашықтықтан басқару мүмкіндігі бар айырғыштар, ток трансформаторлары, жоға­ры кернеулі трансформаторлар да бар, дейді энергетиктер. Сонымен қатар, оралым жүйе­сін­дегі сымдар және оқшау­лау қабы, жақындату каналдары ішіндегі иілгіш байланыс­тары ауыстырылған, микропро­цес­сорлық терминалдардағы панель­дер, өртенбейтін сым сызық­тары орнатылған. – Жоғары ток кернеулі АТҚ-220 кВ қуатты электрлік алып құрылғының қайта құру жұмыс­тары кезінде қиындықтар да ту­ғызды. Сол себептен, біз «КЕGОC» АҚ кезекшілік бақы­лау қызметтерімен бірлесіп, жаб­дықтарды қауіптен ажырату кестесін жасадық. Мердігер және тапсырыс беруші инженерлік-техникалық топтың жоғары кәсіби даярлығын қажет етті, – дейді станса бас маманы Владимир Фенев. Бұл алып құрылғыны қайта қалпына келтіру жұмыс­тарына «ЕЭК» АҚ-тың көп жылғы серіктестері «Екібастұз­жылу­энергомонтаж» ЖШС корпорациясы қатысты, бұдан бұрын «ЭТЭМ» ЖШС мамандары №2, №6 энергоблоктарды жаңар­туға бірге үлес қосқан болатын. Ендігі кезекте ЭТЭМ ұжымы ЭС №3 күл сақтайтын қоймасының салуын әрі №5 энер­гоблоктың және «Шығыс» кенішіндегі №2, №4 көмір қоймаларының қайта құруын жүргізеді. Сондықтан, бұл жобаны отандық кәсіпорындар бірлесе жүзеге асырды деуге болады. Ал, электр энергиясын тарату құрылғысын қайта жаңғырту бұл стансаның алдағы жылдары тұтынушыларын электр қуатымен кедергісіз қамтамасыз етуіне үлкен мүмкіндік береді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Ақсу қаласы.
Соңғы жаңалықтар