• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2016

Ойдағыдай әзірлік пен ұйымдастырудың орны бөлек

320 рет
көрсетілді

Кеше елордада Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауларына әзірлік және өткізуді ұйымдастыру мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес өтті.  Семинар-кеңестің жұмысына облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, еліміздегі саяси партиялардың, мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, сайлау саласында қызмет ететін халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиынды кіріспе сөзбен ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов: «Алдағы Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау – бұл еліміз өміріндегі маңызды сая­си оқиға. Бұл ретте сайлау орган­дарының басты міндеті – сай­лаудың заңдылығын қамтамасыз ету. Яғни, сайлау заңнамасы мен жалпыға бірдей ортақ халық­аралық қағидаттардың талаптарына сәйкес әділ және ашық сайлау науқанын өткізу», – деп атап өтті. Сонымен қатар, ол алда тұр­ған басты мақсат – сайлаудың заң­дылығын және әділ өтуін қам­тамасыз ету екенін қатысушылар назарына сала кетті. «Бұл мақ­сат­ты тиімді іске асыру үшін барлық қажетті ресурстар бар. Сайлау науқаны 2 ай ішінде өткізілетін болады. Ал бұл мерзім ішінде біз көптеген іс-шараларды іске асыруымыз қажет. Осыған орай алдағы уақытта бізді жауапты кезең күтіп тұр. Бұл жұмыс бәрімізге таныс. Сондықтан осы сыннан ойдағыдай өтетіндігімізге сенімдімін», – деді Қ.Тұрғанқұлов осы жөнінде. Бұдан соң төраға барлық дең­гейдегі әкімдіктер сайлаушылар тізімдерін жасауды аяқтаудың нақ­ты мерзімінен хабардар етті. «Біріншіден, біздерге ел Конс­ти­туциясына, «Сайлау туралы» Конституциялық заңға және қа­былданған халықаралық міндет­темелерге сәйкес ашық, еркін және демократиялық сайлаудың өтуін қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселеге біздер баса назар аударып, айрықша мән беруіміз керек», – деді ол. Оның атап өтуінше, сайлау учаскелерінің, әсіресе, учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің жүйелі оқытылуын ұйымдастыру қажет. Өйткені, сайлау комиссиясы мүшелерінің кәсі­билігіне және сайлау үдері­сін ұйымдастырушылардың құқық­тық сауаттылығына көптеген жайттар тәуелді. Бұл – екінші. Үшіншіден, сайлаушылардың тізімін дайындау жауапкершілігі жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі. Қазіргі кезде сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді, оған қолдағы барлық ресурстар жұмылдырылуда екен. Орталық сайлау ко­мис­сиясының төрағасы учаскелік сайлау комиссиялары сайлауға дейінгі 15 күннің ішінде сайлау­шылардың тізіммен танысуына мүмкіндік жасауы тиістігіне де тоқталды. «Біздің жағдайда бұған 4 наурыздан бастап мүмкіндік берілуі тиіс. Ал әкімдіктер 28 ақпанға дейін бұл жұмыстарды толығымен аяқтап, акті бойынша тізімді сәйкесінше сайлау комиссиясына ұсынуы керек», – деді Қ.Тұрғанқұлов. Ол, сондай-ақ, даулы жағдайларға және сайлау заңнамасын бұзуға жол бермеу қажеттігін ерекше назарда ұстауға шақырды. ОСК басшысы сөзі барысында кандидаттар мен саяси партияларға сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге теңдей мүмкіндік беру қажеттігін де атап өтті. «БАҚ-тар арқылы үгіт-насихат жұмыстары тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін басталады. Яғни, саяси партиялар үшін үгіт-насихат жұмыстары ¬¬– 20 ақпанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға – 6 наурызда, ал мәслихат депутаттығына кандидаттарға 24 ақпанда басталады, – деді ол осы мәселеге қатысты. – Үгіт жұмыстары басталғанға дейін саяси партиялардың мақсаттары мен міндеттерін насихаттайтын жарнамалық материалдардың барлығына да партияның сайлау қорынан қаржы төленуі тиіс. Сайлауалды үгіт-насихатты қамтитын барлық материалдарда қаржыландыру көздері туралы ақпарат талап етілетін болады». Қуандық Тұрғанқұлов семинарға қатысушыларды, оның ішінде саяси науқанның ойдағыдай өтуіне жауапты сайлау комиссияларының басшылары сайлауға бөлінген бюджет қаражатының әр теңгесіне ұқыптылықпен қарап, қаражатты үнемдеу мәселесіне айрықша назар аударуға шақырды. «Қазіргі күрделі экономикалық жағдайда қаражаттың тиімсіз жұмсалуын болдырмау және Елбасының бюджеттің әр теңгесіне ұқыпты қарау туралы нұсқауын нақты ұстануымыз қажет», – деді ол осы туралы. Келесі болып сөз алған Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың заңдық нормалары және оны өткізудің қағидаларына тоқталды. Төраға орынбасарының атап өтуінше, қазіргі кезде сайлау округтеріндегі сайлау учаскелерінің шекаралары белгіленіп, сайлау комиссиялары және оның құрамының орналасатын жерін нақтылау үдерісі жүріп жатыр. Таяу күндері бұл жұмыстар толық аяқталады және олар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. В.Фоос саяси партиялардың сайлау қорының мөлшерінен де хабардар етті. «Әрбір саяси партия өздерінің сайлау қорын құруға құқылы, – деді ол. Ол саяси партияның өзінің 114 млн. 295 мың теңге қаржысынан жасақталады. Бұған 228 млн. 590 мың теңгеге дейінгі азаматтардың ерікті қайырымдылық салымы қосылады. Осылайша, партияның сайлау қорының жалпы сомасы 342 млн. 885 мың теңгені құрайды. Саяси партияның осы көлемдегі сайлау қорынан сайлау науқаны кезіндегі барлық шараларға кететін шығындары төленетін болады». Бұған қоса, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары саяси партияларға партиялық тізімге енетін тұлғаларды алдын ала сайлау заңнамасы талаптарына сәйкестігін тексеру қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, тұлғаның заңнамаға сәйкессіздігі анықталған жағдайда партиялық тізімнен шығарылады. Ал депутаттыққа кандидат тек қана бір сайлау учаскесінен ұсынылады. «Мәслихат депутаттығына кандидат бір сайлау учаскесінен ұсынылып, бұған қоса, ол партиялық тізімде де бола ала ма?» деген сауал қойылып жатады. Бірден айтайын, олай болмайды. Өйткені, сайлау туралы заңнаманың 103-бабы 5-тармағында кандидаттың бір ғана сайлау округінен ұсыныла алатындығы көрсетілген», – деді В.Фоос. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауды құжаттамалық қамтамасыз ету жайын сөз етті. Оның хабардар етуінше, сайлауды өз деңгейінде ойдағыдай өткізу үшін тиісті іс-шаралардың жоспары бекітіліп, бүгінде олар күнтізбеге сай қолға алынып жатыр. Үгіт-насихатқа қатысты әдістемелік құралдар дайындалып, олар жергілікті жерлердегі сайлау комиссияларына жеткізілетін болады. Сонымен қатар, сайлау бюллетендерін баспаханаларда басу мәселесі де қарастырылу үстінде. Сайлауды құжаттамалық жағынан қамтамасыз ету жұмыстарының барлығы тиісті заңнамаға сәйкес жүзеге асуы қажет. Ал Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова сайлауға қазақстандық және халықаралық байқаушылардың өкілеттіктері, сондай-ақ, сайлау науқанына қатысушыларды әдістемелік қамтамасыз ету мәселелерін ортаға салды. Өзінің сөзінде ол мынадай мәлімет келтірді: алғаш рет сайлауды халықаралық байқау осыдан 159 жыл бұрын, яғни 1857 жылы Еуропалық комиссия жүзеге асырған екен. Бұдан кейін Комиссия мүшесі соңғы жылдары елімізде өткен сайлауларға тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, 2012 жылы өткізілген Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауларына 975 халықаралық байқаушы мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тіркеліпті. Ал сайлау күні сайлау учаскелеріндегі дауыс беру үдерісін 49 мыңнан астам адам қадағалаған. «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 18 мемлекеттің Орталық сайлау комиссиясының жетекшілеріне шақырту жіберу жөнінде шешім қабылдады, – деді Т.Охлопкова. – Сыртқы істер министрлігі де 18 халықаралық ұйымға байқаушылар жіберу жөнінде шақырту жіберді». Жиында, сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен сайлауды ақпараттық қамтамасыз ету, ОСК аппаратының қаржы-бақылау бөлімінің меңгерушісі Маржан Мұхаметова сайлау науқанын қаржыландыру туралы мәселелерге тоқталды. Семинарда бірқатар аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері де сөз алып, аумақтарда сайлауға дайындық, сайлау ұйымдастырушылардың қызметі мен науқанның аталған кезеңдегі алдарында тұрған бірінші кезектегі міндеттері жөнінде айтып берді. Жалпылай алғанда, жиын барысында сайлау үдерісіне қатысушыларды құқықтық оқыту, сайлаушылар тізімдерін жасау, нақтылау және түзету бойынша жұмыстарды ұйымдастыру, жергілікті және халықаралық байқаушылардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, олардың қызметін ұйымдастыру, сайлауды және сайлауалды үгітті ақпараттық сүйемелдеу мәселелеріне ерекше мән берді. Сонымен қатар, аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері тиісті қызметтердің түрлі бағыттары бойынша тәжірибе бөлісті және талқыланған мәселелер жөнінде пікір алмасты. * * * Жиын соңынан Орталық сайлау комиссиясының ғимаратында 20 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларына орай баспасөз орталығы ресми түрде ашылды. ОСК-ның баспасөз хатшысы Венера Жексембекованың айтуынша, баспасөз орталығы заманауи техникамен, компьютермен жабдықталып, Интернетке қосылған. «Мұның барлығы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің барынша ыңғайлы жағдайда жұмыс істеуі үшін жасалған шаралар деуге болады. Осы мүмкіншілікті пайдалана отырып, барлық БАҚ өкілдерін сайлау барысында қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырамыз», – деді ол. Оның атап өтуінше, баспасөз орталығы Орталық сайлау комиссиясының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын арттырып, сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».