• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2016

«Достастық» Кубогы мәреге жетті

259 рет
көрсетілді

Қаңтардың 23-і күні Санкт-Петер­бург қаласында футболдан жас­тар арасындағы (U-21) халықаралық «Достастық» Кубогының XXIV турнирі мәресіне жетті. Оның жеңімпазы атағына Ресей құрамасы кезекті мәрте қол жеткізді. Алаң иелері финалда Молдова құрамасын 4:2 есебімен ұтты. Турнирге небәрі 8 құрама қатысты. Осының өзі бұл жарыстың берекесі кете бастағанын байқатты. Содан болар, сайыс аяқталғаннан кейін Ресей спорт министрі әрі футбол федерациясының президенті Виталий Мутко алдағы жылы Кубоктың не пішімін өзгерту, не біржола тоқтату керек екенін ашық айтты. Жарыстың өзіне келсек, командалар іріктеу ойындарын екі топқа бөлініп өткізді. Оның бірінен – Ресей, екіншісінен Молдова құрамалары топ бас­тап шығып, финалда кездесті. А тобына түскен Қазақстан құрамасы екі матчын тең өткізіп, бір ойында ұтылды. Атап айтқанда, біздің жастар бірінші кездесуде молдовандарға есе жіберіп (0:1), белорустармен (0:0) және қырғыздармен (2:2) бейбіт тарқасты. Нәтижесінде топтың соңында қалып қойды. Сондықтан келесі топты тиянақтаған Тәжікстан құрамасымен 7-8 орындар үшін таласты. Ол 3:2 есебімен қазақстандықтардың пайдасына шешілді. Матч бірден біздің бағландардың шабуылымен басталды. Олар алғашқы голды да тым ерте салды – 2-минутта Әнуар Ағайсиннің аяғынан ұшқан доп тордан бір-ақ шықты. Ал 14-минутта Абат Әйімбетов екінші голды түсірді. Содан соң Нозим Бабоджонов (17) бір голдың қарымтасын қайтарды. Қалған екі гол кездесу соңында салынды. Мұның алғашқысын 83-минутта Әйімбетов түсірсе, келесісіне 85-минутта Жахонгир Эргашов қол жеткізді. Оған дейін, 76-минутта алаңда төбелес бастап кеткен қазақстандық Иван Антипов пен тәжікстандық Табрези Давлатмир алаңнан қуылды. Олардың ұстасулары екі жақтан да қолдау алып, жаппай төбелеске ұласып кете жаздады. Үшінші орын үшін талас Қырғызстан және Эстония командалары арасында өтті. Кездесудің негізгі уақытында есеп ашылмады. Содан кейін қарсыластар пенальтиге жүгінді. Онда эстондар мергендік пен салқынқандылық танытты. Есеп – 4:1. 5-орын үшін Беларусь пен Латвия арасындағы ұшырасуда да футболшылар қақпа құлпын аша алмай, ойыннан кейінгі пенальтиге салмақ салды. Ол 5:4 есебімен бұлардың алдыңғыларына жеңіс әкелді. «Достастық» Кубогы өз бастауын 1993 жылдың қаңтарынан алады. Турнир ТМД және Балтық елдері чемпиондарының кубогы ретінде өмірге келді. Осылайша 1993-2011 жылдар аралығында клубтық командалардың қатысуларымен өткізілді. Осы жылдарда «Спартак» (Мәскеу, Ресей) – 6 рет (1993, 1994, 1995, 1999, 2001, 2001), «Динамо» (Киев, Украина) – 4 рет (1996, 1997, 1998, 2002), «Шериф» (Тирасполь, Молдова) 2 рет (2003, 2009) Кубокты жеңіп алды. Тағы 7 команда турнирде бір реттен жеңіске жетті. Осы қатардағы «Динамо» (Тбилиси, Грузия) – 2004, «Локомотив» (Мәскеу, Ресей) – 2005, «Нефтчи» (Баку, Әзербайжан) – 2006, «Пахтакор» (Ташкент, Өзбекстан) – 2007, «Хазар-Ленкорань» (Ленкорань, Әзербайжан) – 2008, «Рубин» (Қазан, Ресей) – 2010 және «Интер» (Баку, Әзербайжан) 2011 жылдары жеңімпаз атанды. Қазақстан командалары ішінен ең жоғары табысқа жеткен «Ақтөбе» 2009 және 2010 жылдары финалда «Шериф» пен «Рубинге» пенальтиде есе жіберіп алды. Турнир 2012 жылдан бастап жастары 21-ге дейінгі жастар құрамаларының турниріне айналды. Оған енді қатысуға тілек білдірген терме жамағаттардың бәріне рұқсат берілді. Содан бері Ресей (2012, 2013, 2016) құрамасы 3 рет, Украина (2014) мен ОАР (2015) бір реттен жеңімпаздар тұғырына көтерілді.