Әдебиет, ғылым, техника, өндіріс, мәдениет саласында жоғары жетістікке қол жеткізген жастарға берілетін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы Кеңес Одағы аумағында алғашқылардың қатарында белгіленді. Оған дейін тек Украинада Н.Островский атындағы Украин Ленин комсомолы сыйлығы болған еді(1958). Қазақстан Лениншіл коммунистік жастар одағы тағайындайтын сыйлық 1964 жылдан 1990 жылға дейін екі жылда бір рет беріліп, барлығы 24 қаламгер марапатталды. Біз әдебиет пен журналистика саласында осы сыйлықпен марапатталғандар туралы айтып отырмыз.
Әнуар Әлімжановтың «Күнге бет алған керуен» повесіне бағаны да, батаны да көзі тірі кезінде Мұхтар Әуезовтің өзі берген болатын. Қадамын журналистикадан бастаған Әнуар аталған шығармада шалғайдағы қойлы ауылдың қоясын ақтарып, тыныс-тіршілігін сөз ете отырып, кейіпкерлерінің жанқиярлық еңбегін жаңа қырынан көрсетеді. Сондықтан 60-жылдары жарқырай көрінген Әлімжановтың тұңғыштар қатарында жастар сыйлығын алуы да заңды еді. Республика Ленин комсомолы сыйлығын алғандардың ішінде Олжастың орны бөлек. Ол бұл сыйлықты 28 жасында иемденіп, арғы-бергі лауреат атанғандардың ішінде ең жасы болды. Олжастың Юрий Гагаринге арнап жазған «Адамға табын, Жер, енді» поэмасы кезінде төрткіл дүниені дір сілкіндірді. Тіпті, Олжас Сүлейменов сол кезде қай жағынан да КСРО-ның басты қарсыласы саналатын АҚШ-тың төрінде жастар аудиториясын жаңғыртып, тебірене өлең оқыған-ды.
23 жасында дүниеден өткен жастардың жалынды жыршысы Саттар Ерубаевқа қайтыс болғаннан кейін Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Саттардың «Менің құрдастарым» романы сол тұста қазақ әдебиетінде кәдімгідей сенсация туғызды. Оның үстіне роман авторы жігіт жасына жетпеген әлі бозбала болса ше. Ерубаевтың новеллаларынан да жастықтың самалы мен жігері қосыла өріліп, бейнебір жастықтың жанартауындай әсер етуші еді.
Бірі ойшыл, бірі лирик, бірі қуатты ақын болып келген үш құрдас – Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев сынды шайырлар да әдебиетте қатар жүріп, жастар сыйлығын бірінен соң бірі еншіледі.
Қадыр жырларының қалың оқырманның ойынан шығатындығы да сол, ол оқырманның «ой орманындағысын» тап басып тауып, соны жырға қоса білетіндігінде. Өле-өлгенше Мырза Әлінің ұрпағы өлең өлкесіндегі мырзалығынан айныған жоқ, сөйтіп, қазақ поэзиясында қайталанбас қолтаңбасын қалдырды.
Қадыр мен Жұмекеннен кейін іле-шала Тұманбай Молдағалиев те «Жаңа дәптер» жыр жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Жалпы, аталған жастар сыйлығы туралы Тұмағаң төмендегіше әңгімелейді: «Жас кезiңде «сыйлықтар алсам екен-ау» деген ой болады. Менiң замандастарым – Қадыр, Жұмекен, Əнуарлар комсомол сыйлығын алып жатқан кезде, артынша мен де алдым. Қадыр менен 3-4 ай үлкен. Əрi оның аты дүркiреп тұрған кезi ғой. Оның сол тұста шыққан «Ой орманы» деген жинағы қазақ поэзиясындағы үлкен құбылыс болды. Жұмекеннiң де шығармалары бiрiнен-бiрi терең, көркем дүниелер. Осы құрдастарымнан кейiн сыйлық алғанымды мақтаныш көремiн». Қаламдастардың бір-біріне деген ерекше сыйластығы, бірін-бірі бағалай білудің өнегесі осындай-ақ болар!
Сағыныштың құдірет-күшін әлеуетті жыр толқындары арқылы тербетіп, адам біткеннің осы сезімге деген ерекше толғанысын шабыттана жырлаған Төлеген Айбергеновтің де келте өмірінде қалдырған мұрасы жетерлік.
Сағыныш деген алдында тұрған ақ ала басты көк заңғар,
Дегенмен, жаным, көгілдір дүние сағынбағасын арайсыз,
Өмірде мынау сағынбағандар бақытсыз, бақсыз, талайсыз,
Қазақтың жыры – Абайсыз.
Осылай тек Төлеген ғана толғанады, Төлеген ғана шалқар шабытты заңғар көкке шарықтата алады. Айбергенов үшін ақындық дегеніміз – жыр кестелеу ғана емес, адамзаттың ар-ұятының символы.
Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,
Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.
Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені,
Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың.
Мінеки, ақын атаулының мына өмірдегі өзіндік миссиясы. Орда бұзар отызында о дүниелік болған Төлеген кейінгілерге, поэзия көшіне ілескендерге осындай өшпес өнегені аманаттап кетті.
«Мен өзім де талайды мойындағам, Енді өзімді соларға мойындатам» деп поэзияға ерекше екпінмен келген Мұхтар Шаханов та ә дегеннен жастардың іздеп жүріп оқитын ақынына айналды. Сыйлық алған «Танакөз» поэмасын жастар қауымы жатқа соғып, поэма кейіпкерімен сырласып, мұңдасатын деңгейге жетті. Айтпақшы, Мұхаңның жастар сыйлығына ұсынылған кездегі көрсеткен ірілігі кейінгілерге үлгі боларлық. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін ірілік! Ол оқиғаны ақын Надежда Лушникова төмендегіше әңгімелейді: «Кезінде Мұхтар Шаханов екеуміз Ленин комсомолы сыйлығын алуға қатар түсіп қалдық. Сонда Мұхтар ұйымдастырушыларға: «Надежда қыз бала ғой, жолы жіңішке. Сыйлықты Надежда алсын», – деп жолын маған берді. Сол тұстағы біздің замандастарымыз осындай мәрт келуші еді ғой. Мен жігіттердің осы қасиеттеріне қашанда ризамын».
«Кең болсаң, кем болмайсың» демекші, кеңдік таныта білген Мұхаң біршама жылдан кейін, яғни 1982 жылы «Лики времени» кітабы үшін Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын да иеленді. Айтпақшы, оның алдында Олжас Сүлейменовке де «Доброе время восхода» атты өлеңдер жинағы үшін Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы берілген-ді.
Әрине, сыйлық атаулы адамның шығармашылық еңбегіне беріледі ғой. Алайда, жастар сыйлығын алғандардың ішінен кейін ел басына күн туған сәтте басын қатерге байлаған қайраткерлер де шықты. Әсіресе, оның ішінде Сағат Әшімбаевтың орны дара тұр. Желтоқсан оқиғасы кезінде лауазымды қызметте жүргеніне қарамастан, азаматтықтың үлгісін көрсетті. «17-18 декабрь! 1986 жыл! Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың жақсы (22.XII.86 ж.) деп жазған болатын Сағат аға. Сағаттың сыншылығымен қатар қайраткерлігі де қай кездегі болсын қазақ оғыланының бой түзер темірқазығы!
«Планета боп Есенин айналып жүр» атты өлеңінде Есенғали ақын «Көкке кетті Есенин серілікпен, Есенғали мында жүр көп үмітпен. Аспан жақты әзірге қойды-ау деймін, Жерде өйткені, жұмыс көп оны күткен». Сол кезде «жердегі көп жұмысқа» құлшына кіріскен Есенғали шығыс шайырларына тән нақышпен, мақаммен қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелді. Талғаммен, тартына жазып жүріп-ақ Шолпан жұлдыз іспетті қазақ әдебиетінің көгіндегі шоқтығы биік шайырға айналды.
Талғам демекші, бұл тұрғысынан алғанда Тұрсынжанның да талғамы бөлек, Шапайды айтамыз. Қазіргі оқырман Тұрсынжанның жазғандарын қалтқысыз қабылдайтын деңгейге көтеріле алмай отыр-ау деген ойға қаласың. Интеллектуалдық өресін айқайламай, саналыға астарлап жеткізіп, ұлт санасының жан-жақты өсуіне өнімді еңбек етіп келе жатқан қаламгер. Шапайдың жазғандарын түсініп қабылдар болсақ, интеллектуалдық ұлт туралы бағдарлама қабылдаудың қажеті де жоқ-ау. Қысқасы, Қадырдың «Ой орманы» мен Тұрсынжанның «Ой түбінде жатқан сөзі» арасында қазақтың интеллектуалдық өрісін кеңейтетін талай-талай ой орамдары жатқаны анық. Ең бастысы, сол ойлардың қызуы қалың қазаққа жұғысты болсын делік.
Бүгінімізді бүтіндей алмай, қазіргі шаруамыздың қиюын келістіре алмай жүріп, кейде өткенді сынауға құмармыз. Өткендегі жайылған идеологиялық өрісіміз соншалықты сорлы болатын болса, қазақ әдебиетінде таңдай қақтырар демесек те, жаппай тұшынып оқитын шығармалар дүниеге келер ме еді?! Сыйлық талаптыларды таланттылар қатарына қоспағанымен, жастарды ынталандыру белгілі бір деңгейде шығармашылық ізденіске, еңбекқорлыққа жетелегені анық. Оралхан Бөкеев, Роллан Сейсенбаев, Күләш Ахметова, Баққожа Мұқаев, Асқар Егеубаев сынды талапты жастардың еңбегін бағалау соның айғағы. Қазақ елі тәуелсіздігін алар қарсаңда Ұлықбек Есдәулетов, Байбота Серікбаев, Ерік Асқаров, Бақытжан Қанапиянов есімді қаламгерлер де дарынды лауреаттар қатарынан табылды.
Ақын-жазушылармен қатар қаламы жүйрік журналистер де үздіктер қатарынан көрінді. «Лениншіл жас» газетінде өнер, адамгершілік мәселелері туралы жазған дүниелері оқырман тарапынан үлкен қызығушылық туғызған Жарылқап Бейсенбаев, «Ленинская сменада» көркем тілді очерктерімен жұртты баураған Сергей Оболенский (1984), радиожурналист Лариса Воронина (1986) сынды талабы мықты жастар да Ленин комсомолы сыйлығына ие болды. Қазақ журналистикасының әлеуетін ә дегеннен жеке шығармашылығымен танытқан Жарылқап Бейсенбаевтың редакторлық қолтаңбасы кейін «Ана тілі» газетінің редакторы болған тұста жарқырай көрінді.
Жастарға сыйлық берер тұста саралау жағы, шығарманың сапалық жағына мейлінше басымдық берілетін-ді. Шығармашылығы қатаң сүзгіден, сарабдал комиссияның сынынан өткен жастар кейіннен қабырғалы қаламгерлер қатарына қосылды. Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Оралхан Бөкеев, Күләш Ахметова, Баққожа Мұқаев, Ұлықбек Есдәулетов, Есенғали Раушанов секілді кезінде Ленин комсомолы сыйлығын иеленген жас қаламгерлердің көпшілігі уақыт өте келе Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атануы да сондықтан.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
***
1964 жыл
Әнуар Әлімжанов – жазушы-публицист, «Караван идет к солнцу» және «Синие горы» повестері.
Олжас Сүлейменов – ақын, «Земля, поклонись человеку» поэмасы.
1966 жыл
Саттар Ерубаев(марқұм) – жазушы, «Менің құрдастарым» романы, «Мәңгілік өмір», «Соғыс туралы» новеллалары.
Қадыр Мырзалиев – ақын, «Ой орманы» өлеңдер жинағы.
1967 жыл
Жұмекен Нәжімеденов – ақын, «Жоқ, ұмытуға болмайды!» поэмалар циклі және өлеңдер жинағы.
1968 жыл
Тұманбай Молдағалиев – ақын, «Жаңа дәптер» өлеңдер жинағы.
1970 жыл
Надежда Лушникова – ақын, «Родина моя», «Дар души» өлеңдер жинағы.
1972 жыл
Мұхтар Шаханов – ақын, «Танакөз» поэмасы.
1974 жыл
Төлеген Айбергенов(марқұм) – ақын, «Құмдағы мұнаралар» жинағы.
1976 жыл
Сағат Әшімбаев – әдебиет сыншысы, «Сын мұраты» әдеби-сын мақалалар жинағы.
Оралхан Бөкеев – жазушы, жазушы-драматург, «Құлыным менің» пьесасы.
1978 жыл
Күләш Ахметова – ақын, «Сен менің бақытымсың» өлеңдер жинағы.
1980 жыл
Роллан Сейсенбаев – жазушы, «Өзімді іздеп жүрмін» әңгімелер мен повестер жинағы.
1982 жыл
Баққожа Мұқаев – жазушы, «Аққу сазы» повестер жинағы және «Қош бол, менің ертегім» пьесасы.
Жарылқап Бейсенбаев – журналист, «Буырқанған бояулар» және «Әдеп әлемі» жинақтары.
1984 жыл
Асқар Егеубаев – жазушы, «Уақыт. Кейіпкер және эстетикалық идеал» сын кітабы, «Млечный путь» жыр кітабы.
1986 жыл
Ұлықбек Есдәулетов – ақын,
«Ақ керуен» кітабы.
Бақытжан Қанапиянов – ақын, «Чувство мира», «Ветвь» жыр кітаптары және «Послесловие» поэмасы.
1988 жыл
Байбота Серікбаев – ақын, «Тіршілік ұясы» өлеңдер жинағы.
1990 жыл
Ерік Асқаров – айтыскер ақын, халық ауыз әдебиеті.
Есенғали Раушанов – ақын, «Шолпан жұлдыз туғанша» өлеңдер жинағы.
Тұрсынжан Шапаев – сыншы, «Ой түбінде жатқан сөз» кітабы.