Жамбыл облысындағы Т.Рысқұлов ауданы орталығынан 100 шақырым қашықтықта МИ-2 тікұшағы апатқа ұшырағанын ақпарат құралдары жарыса жазуда. Апат салдарынан 1 адам зардап шекті. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің арнайы өкілі Руслан Иманқұлов хабарлаған болатын. «Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданындағы Садыхан қыстауынан үш шақырым қашықтықта болған. Төтенше оқиға жайлы хабар 112 телефонына 23 қаңтарда кешкі уақытта келіп түскен», деп хабарлады Р. Иманқұлов.
Осыдан кейін тікұшақтың құлау фактісі бойынша арнайы комиссия құрылды. Артынша зардап шеккен ұшқыштың есімі де белгілі болды. Ол тікұшақ тиесілі «Тараз Жаңа Әлем» компаниясының директоры Валерий Михин екен. Жансақтау бөлімінде жатқан 62 жастағы Валерий Михиннің беті, басы, аяқ-қолдары І-ІІ-ІІІ дәрежеде күйіп қалған. Сонымен қатар, оның тыныс алу жолдарын ІІ дәрежедегі күйік шалған.
«Науқастың айтуынша тікұшақтың әуеде қозғалтқышы өртенген. Жерге қонғаннан кейін ол тікұшақты өзі сөндірмек болыпты. Одан кейін шамамен 5 шақырым жаяу жүрген. Сол маңдағы қойшылардың көмегімен ол Тараз қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Жалпы жағдайы ауыр. Ақыл-есін біледі», дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілдері.
Әрине, мұндай кезде «Темірі құрысын, тікұшақ табылар, ең бастысы адам аман болсын» деп, алдымен арыстай азаматтың саулығын тілейтінің анық. Әйтсе де апатқа ұшыраған бұл тікұшақ туралы әртүрлі әңгіме өрбуде. Әуеде шыр айналып барып жерге құлап, артынша жарылған тікұшақты көрген сол маңдағы қойшылар ұшқыштың қасында тағы екі адам болғанын айтады. Ал, ауруханаға бір-ақ адам түскен. Сонда тікұшақта болған тағы екі адам қайда? Олар туралы неге айтылмайды? Түсініксіз. Қалай айтсақ та бұл жұмбақтың шешуін арнайы құрылған комиссия анықтайды деген үміт бар.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.