• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2016

Орнықты даму бағдары

378 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында айтылған жағ­даяттар еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді нақтылап көр­сетіп берген. Тарата айтар болсам, Елбасы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қар­саңында «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанын атап өтті. Бұл – қазіргі уақыттағы жаһандық дағдарыс кезінде жасалған батыл қадам болып есептеледі. Сондай-ақ, Елбасы «біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз елдің бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашатын» бағытымызды айқындап берді. Бүкіл қазақ жұртының ежелден бергі ұлы арманы – егемен ел болу еді, міне, енді сол Тәуелсіздігімізге қол жеткізгелі де ширек ғасыр уақыт өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында кездескен ел болып қалып­тасу жолындағы қиындықтардан Ел­басының көреген саясаты, өлшеусіз еңбегі арқасында өттік. Ендігі алдымызда күтіп тұрған сындарлы кезең­дерден сүрінбей өту үшін осы мақаладағы айтылған өзекті түйіндерді негізгі нысан ете отырып, алға ілгерілеуіміз керек. Елбасымыздың бұл мақаласындағы «Мем­лекетті кәсібилендіру», «Құқық тәртібі және заңдылық», «Бюрократтық шығынсыз экономикаға қадам басу», «Сыртқы инвестициялардың жаңа көздері», «Инновациялық индустрия­ландыру көкжиектері», «Әлеуметтік жаңғырту ынталандырушылары», «Реформалар табысы – ұлт бірлігіне бастар жол», «Қоғамға есеп беретін ашық мемлекет», «Мемлекет функцияларын бәсекелесті ортаға және жергілікті өзін өзі басқаруға беру» және Ұлт Жоспары – Қазақстанды кең ауқымды жаңғырту жобасы» атты бөлімдерінде айтылған бағыттар бізді жігерлендіріп, қиындыққа мойымай, тек қана жеңіске жетуге үндейді. Нақтылай айтқанда, мақалада мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерді орындау үшін жұмыла қызмет етуіміздің қажеттігі, сонда ғана Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, іргеміздің берік болатыны ұғынықты жеткізілген. Елбасының осы мақа­ласындағы құқық тәртібі және заңдылық аясында айтылған ұсыныстары мен ой-пікірлері де менің отандастарымды бейжай қалдырмасы анық. Себебі, Тәуелсіз еліміздің, азаматтарымыздың құқығы мен бостандығы ең маңызды орында тұрмақ. Сондықтан да, ең әуелі ел ішіндегі тәртіп пен құқықты қатаң сақтайтын заңның орны бөлек. Біз қоғамда тыныштықтың маңызды екенін білуге тиіспіз. Қазіргі таңда әлемдегі көптеген елдер арасындағы алауыздық нәти­жесінде туындап жатқан келеңсіздіктер мен жантүршігерлік оқиғалар бізге ынтымағы жарасқан ел болудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр. Мен Ауғанстан жеріндегі соғысты көрген адаммын. Соғыстың зардабы қандай болатыны әлі күнге көз алдымда. Сол бір ауыр жылдарды есіме ала отырып, бүгінгі біздің бейбіт те тыныш қоғамымызға қарап шүкір деймін. Мұның бәрі Елбасының сарабдал саясаты мен ел басқарудағы көрегендігінің арқасы. Сондықтан да, біз жалпы халық болып жұдырықтай жұмылған бірлікпен Елбасын қолдап-қуаттау арқылы «Мәңгілік Елдің» бейбіт туын желбіретіп, қазақстандық арманымыздың орындалуы жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Жангелді МАХАШОВ, «Ауғанстан ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары. АСТАНА.