• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2016

Қиыншылыққа қайыспаудың қамы қарастырылған

320 рет
көрсетілді

Биылғы жыл – қазақ­стан­дықтар үшін ерекше жыл. Ата-бабалар арман еткен Тәуелсіздігімізге 25 жыл толады. Айтулы мере­кені лайықты қарсы алу отан­дастарымыздың қай-қай­сысына да үлкен жауап­кершілік, міндет жүктейді. Бұл туралы Президентіміз өзінің: «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында: «ХХІ ғасырдың ортасына қарай біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына қол жеткізуді жоспарлап отырмыз», деп атап көрсетті. Көп көкейінде бұл сөздің, біздің Болашағы Біртұтас Ұлт ретінде қалыптасуымыздың тиянағы екендігі анық. Осы бағытта бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын терең түсіне отырып, ынтымақты еңбек ету талап етіледі. Алдағы міндет айқын, ортаға тас­талған ой салмақты. Ертеректе «бәрін де кадр шешеді» деген қанатты сөз болатын. Ол қазірде мәнін жойған жоқ, білікті кадр қашанда керек, қандай да бір күрмеуі қиын істер тәжірибелі мамандар арқылы жүзеге асырылып, жақсы нәтижеге қол жеткізіледі. Солай бола тұра, шеткі аймақтарда өз орнына лайықты емес мемлекеттік қызметшілер, мамандығына сай емес тосын жандардың кездесіп қалатыны жасырын емес. Аталған әбестіктің салдары маңызы зор мемлекеттік бағдарламалардың өз дәрежесінде орындалуына нұқсан келтіреді. Мұның халық сеніміне селкеу түсіретін салдары тағы бар. Осы орайда, Елбасының мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру жөніндегі мәселесі орынды қойылып отыр деп ойлаймын. Қызметкердің төменгі баспалдақпен біртіндеп көтеріліп, мамандығына сай тәжірибе жинақтауы, ортамен тіл табыса алатын қабілетке ие болуы оның кәсіби дәрежесін көтере түседі. Сонымен қатар, ар­ман­шыл да талантты жас­тардың талабын жүзеге асырып, болашаққа деген үмітін нығайтары анық. Әйтпесе, тамыр-таныс арқылы жұмысқа орналасу, бармақ басты, көз қыстымен қалталының болымсыз баласының өзіне сай емес шекпенді киюі ешкімге де абырой әпермейді. Бұл – тек істі шатастырып қоймайды, жалпы жүйеге залал келтіретін кеселді шаруа. Президентіміздің көреген саясатынан туындаған бағыт алдағы уақытта мұндай өрескелдікке жол бермесі белгілі. Еліміз жылдан-жылға даму үс­тін­де. Мұны Сыр өңіріндегі ауыл шаруашы­лығымен қатар, өнеркәсіптің өсуінен де көруге болады. Мыс пен мырыш, уран өндірілетін ежелгі аймақ өркениет талабына қарай қадам басты. Кешегі күндері жарамсыз жол мен жарықсыз көшеде жүруге мойынсұнған ауыл қазағы қазір ондай қолайсыздықтарды ұмытқан. Жаңа мектеп пен жабдықты ауруханалар қызмет көрсетеді. Яғни, шеткі елді мекен тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсарып, талапқа сай тіршілік етуге әзір деген сөз. Елбасы ұсынған реформаларды жүзеге асыру жолында еселі еңбек етіп, ауызбірлік таныту барша қазақстандықтың арманын жақындатады деп ойлаймын. Әрбір Қазақстан азаматы Елбасы ұсынған реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысуы керек. Міне, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласында осыны нақтылап айтып отыр. Өзінің 2015 жылдың сәуірінде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы сайлауалды тұғырнамасында Президент 5 ілкімді жобасын жариялап, оны жүзеге асыруда атқарылатын «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарында айналып өте алмайтын әлемдік дағдарыстан шығар жолды бағамдайтын іс-шараларды белгілеген болатын. Енді, міне, Елбасы сол мәселеге қайта айналып, межеленген міндеттерді орындаудың практикалық кезеңін айқындап, елдің көңілін тағы аударды. Көптеген көкейкесті мәселелерге жауап берді. Өйткені, осы жыл әлем үшін оңайға соқпай тұрғанын бәріміз сеземіз. Қазақстан – қарыштап дамып келе жатқан жас мемлекет. Алдымыздан әлемнің жан-жақты дамыған 30 озық елінің қатарына ену міндеті менмұндалайды. Бұл үшін 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қолға алынды. Оны дағдарыс кезінде қалай жүзеге асыру керектігі мақалада айқын көрсетілген. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, кез келген реформа заңмен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан, Үкімет пен Парламент заңнамаларды өзгерту бойынша ауқымды жұмыстар атқарды. Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін, жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Олар біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда алдыңғы қатардағы үлгілі мемлекет болуымызға жол ашпақ. Президент сонымен қатар, қабылданған заңдарда, әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне көп көңіл бөлді. Сот жүйесінің 5 сатылыдан 3 сатылыға көшкендігін, жұрт­шылықтың сот төрелігіне тез әрі әділетті қол жеткізуіне мейлінше заманауи тұрғыда мүмкіндік беретіндігін жет­кізді. Мұның да өркениетті қоғам­дас­тық қатарына енуге деген өз ұмтылы­сымыздың көрінісі екендігі даусыз. Әр буынның өз арманы бар. «Бізге ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық. Біз, қазіргі қазақстандықтар үшін Тәуелсіздік көпэтносты қоғамымыздың нақты жоғары өмірлік құндылығына айналды. Біз осыдан бар-жоғы ширек ғасыр бұрын ғана барлық ақыл-ойымыз бен жүрегімізді баурап алған көптеген ой-ниеттерімізге қол жеткіздік», – дей отырып, Президент тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту жолында бар күш-жігерімізді салуымыз керектігін шегелеп өтті. Биыл 25 жылдығы аталып өтілмек тәуелсіздікті елдегі барлық ұлт өкілдері қастерлеуі тиіс. Осы орайда, қоғамдық келісім ұйымдары да азаттықтан асқан қасиетті ұғым жоқ екендігін, келісім мен бірліктің ел дамуының кепілі екендігін кеңінен түсіндіруі керек. Бағдарламалық мақалада айтылған міндеттерді жүзеге асыруға Қазақстан халқы Ассамблеясы белсене қатысатыны сөзсіз. Алдымен, бұл – жұртшылық арасында насихат жұмыстарын жүргізу мен Елбасы қойған тапсырмалар бойынша бірігіп, «бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығару» деген ұғым. Әрқайсымыз Елбасы ұсынған реформаларды жүзеге асыруға, мықты мемлекетіміздің қалыптасып, нығаюына белсене атсалысқанымыз абзал. Бұл үшін біз елімізде бейбітшілік пен ұлтаралық татулықты және өзара сыйластықты сақтай отырып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға күш салуға тиіспіз. Өміріміздің сан саласындағы түйткілді мәселелерге тоқталған Елбасы бұл жолы да әлеуметтік, тіл, білім мен мәдениет салаларын айналып өткен жоқ. Үш жаңа Тұжырымдама әзірленгені – біртектілік пен біртұтастықты нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясын, дене тәрбиесі мен спортты 2025 жылға дейін дамыту мәселелері бағдарламалық мақалаға арқау болған. «Мәдени саясат тұжырымдамасына, мемлекеттік даму және тілдердің жұмыс істеуі, білім беру бағдарламасына маңызды өзгерістер енгізілді. Оның сыртында туристік саланы дамыту тұжырымдамасы, 2020 жылға дейін үш тілді білім беруді дамытудың жол картасы әзірленді», – деді Елбасы. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағдар­ламалық мақаланы ел Президентінің «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары мен былтырғы 30 қарашадағы «Қазақстан – жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауының жалғасы деп қабылдауымыз керек. Дәлірек айтсақ, бұл – сол игі істерді тағы да бір сүзгіден өткізіп, пысықтап алу. Бұл ретте баршамыз ерінбей еңбек етіп, біз ғана емес, күллі төрткіл дүниенің басына түскен қиыншылықтан қайыспай өтудің қамын қарастыруға тиіспіз. Нұрмахан ЕЛТАЙ, жазушы, «Ақпарат саласының үздігі». Қызылорда облысы.