Алматы қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Доспанов елімізде 20 наурызда болатын Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың кезектен тыс сайлауларына әзірлік пен ұйымдастыру жұмыстары туралы айтып берді.
Б.Доспанов қалада 578 сайлау комиссиясы жұмыс істейтіндігін, олардың 9-ы аумақтық, 37-сі округтік және 532-сі учаскелік комиссиялар екендігін айтты. Сайлау кезінде аталған комиссияларда халыққа 4046 адам қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ, ол сайлау алдындағы насихат жұмыстары партиялық үміткерлер тізімін ұсынған партиялар үшін үстіміздегі жылдың 20 ақпанынан, қалалық мәслихат депутаттығына ұсынылған кандидаттар үшін 24 ақпаннан басталатындығын жеткізді. Алайда, әзірге қалалық мәслихатқа депутат болу үшін әлі бірде-бір үміткер өз өтінішін тапсырмаған.
Қалалық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, Алматы қаласы әкімдігіне қарасты басылым беттерінде сайлау округтері мен учаскелерінің шекаралары және мекенжайлары, сайлау комиссияларының құрамы туралы толық ақпарат жарияланған. Қалаға кейіннен қосылған аудандардың аумағы айқындалып, заң талаптарына сәйкес сайлау округтеріне енгізілген және сайлау учаскелері бекітілген. «Алдағы сайлаудың барынша жоғары деңгейде өтуі үшін барлық сайлау учаскелері қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Сайлау кезінде Алматы қаласы бойынша 532 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Оны 37 округ, 8 аудандық және 1 қалалық комиссия басқарады. Учаскелерде міндетті түрде тәуелсіз байқаушылар болады. Сондай-ақ, әр жеті партиядан бір адамнан тәуелсіз сарапшылар сайлау жұмысын қадағалайды. Алматы қаласы бойынша сайлаушылардың саны – 1 038 876 адам, біз олардың алдағы сайлауда жоғары белсенділік көрсетіп қатысатындығына сенімдіміз», – деді Б.Доспанов.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.