Сенат бюросы жоғарғы палатаның 2016 жылғы 28 қаңтарда болатын кезекті отырысының күн тәртібін келісті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенат Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі А.Жайылғанованың өкілеттігін тоқтату туралы, сондай-ақ, халықаралық үш құжатты ратификациялау туралы мәселені қарайды.
Сенаторлар Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы, Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі (энергия тиімділігін арттыру және жастар корпусын дамыту бағдарламасы үшін бір донордың Траст қоры әкімшісі ретінде әрекет етуші) арасындағы Грант туралы келісімді (Жастар корпусын дамыту жобасы) және Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын талқылайды.
Бюрода Мәжіліс мақұлдаған үш заң жобасы Сенат комитеттеріне бөлініп берілді.
Одан басқа, Сенат Регламентіне сәйкес, Мәжілістің тарауына байланысты төменгі палата Аппаратынан сұратып алынған 20 заң жобасы бойынша Сенат қаулысымен бас комитеттер белгіленді.