Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаментінде Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Берік Бисенқұлов пен Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың қатысуымен жедел кеңес өткізілді.
Жедел кеңесте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауының талаптарын орындау мақсатында ішкі істер органдарының 2015 жылғы қызметінің қорытындысы мен ішкі істер органдарының басты міндеттері талқыланды.
Департамент қызметіндегі жедел қорытындылау жиналысына Елбасының Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында көрсетілген талаптарын іске асыру шеңберінде құрылған облыстық, қалалық және аудандық жергілікті полиция қызметінің басшылары алғаш рет қатысты.
Берік Бисенқұлов жиналыста атап өткеніндей, жергілікті полицияның құрылуы құқық қорғау қызметін аймақ тұрғындарымен жақын ететіндігі сөзсіз. Жергілікті полицияның жұмысы құқық бұзушылықтар профилактикасын арттыруға, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін көтеруге, қоғамда құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» тудыруға мүмкіндік береді.
Облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков маңғыстаулық полицейлердің өткен жылы облыс аумағындағы қылмыспен күрес, құқықтық тәртіп және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі және өз қатарында тәртіп пен заңдылықтың сақталуы, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы атқарылған шаралары туралы хабарлады.
Шарадан кейін кеңеске қатысушылар ІІО-ның мұражайын және құрылысы аяқталуға жақын «Динамо» спорт кешенін аралап көрді.
«Егемен-ақпарат».