сайлау науқанына белсене қатысуға шақырды
Шығыс өңірінің жұртшылығы кезектен тыс Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына күллі отандастарымен бірге бірауыздан қолдау көрсетті. Алтай мен Алакөл арасында жатқан алып өңірде Елбасы Жарлығына үн қосушылар қатарында жекелеген тұрғындар да, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер де бар. Мәселен, Шығыс Қазақстан облыстық кітапханашылар қауымдастығының өкілдері мемлекетке дағдарысқа қарсы тұру үшін жаңа тетік қажеттігін айтады. Яғни, әлемдік дағдарыстың күрделі кезеңінде Қазақстанға Мәжіліс пен мәслихат сынды саяси институттардың қуаттана түскені керек.
– Экономикада қатты күйзеліске жол бермеу үшін кәсіби деңгейі жоғары, қандай жағдайда да икемділік таныта білетін мықты мамандар керек. Сондықтан, бұл сайлау дағдарысқа қарсы шаралар мен Президенттің «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асырылуын жеделдетеді, – дейді кітапханашылар қауымдастығының өкілі, облыстық Пушкин атындағы кітапхана директоры Қабиба Ақжігітова.
Облыстық Азаматтық альянс өкілдері де осы ойда. Қазақстан Азаматтық альянсының өңірдегі ресми өкілі болып табылатын облыстық ұйым бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіреді. Аталған альянс өңірлік және республикалық деңгейде түрлі топтардың мүдделері ескерілген бірыңғай стратегиялық жұмыстар жүргізетіндігімен ерекшеленеді. Ұйым мүшелерінің айтуынша, жаһандық дағдарыс салдарының алдын алуға һәм күрделі кезеңді тиімділікпен еңсеруде алдағы сайлау науқанының маңызы ерекше болмақ.
– Ауқымды өзгерістер дәуірі басталып келеді. Біз оған әрдайым әзір болуымыз тиіс. Парламент депутаттарының бастамасы 5 институттық реформа аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын тиімді жүзеге асыруды көздейді. Біз аталған дағдарысқа қарсы шаралар төңірегінде бірге қимылдауымыз керек, – деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша Азаматтық альянсының төрағасы Олег Чернышов.
Ол облыстағы мемлекеттік емес сектор жетекшілерінің пікірі кезектен тыс сайлауды өткізуді қолдайтындығын көрсеткенін, өзге де азаматтық институттарды саяси-экономикалық маңызы зор науқанға бір кісідей қатысуға шақыратынын жеткізді.
Бұл саяси шарадан өңірдің этномәдени бірлестіктері де тыс қалмайды. Облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында өткен дөңгелек үстелде этномәдени ұйымдардың жетекшілері Президенттің Парламент Мәжілісінің 5-шақырылымдағы депутаттардың өкілеттігін тоқтату және ағымдағы жылдың 20 наурызына кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлығына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Асқар Нұрғазиев Президент шешімінің зиялы қауым мен ғылыми ортада, еңбек ұжымдарында, кәсіпкерлер арасында үлкен қолдауға ие болғандығын, осы орайда, облыс көлемінде тұрып жатқан 110 ұлттың өкілі мен 14 Достық үйінің депутаттар көтерген бастамаға әу бастан қолдау көрсеткенін айтты.
Мемлекет басшысының әр үндеуі қоғам тарапынан, соның ішінде этномәдени ұйымдар тарапынан үлкен қолдауға ие болып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен өңірдегі этностардың қоғамдық ұйымдарының жетекшілері бұл сайлаудың ел бірлігі мен тұтастығын сақтауға және арттыруға ерекше үлес қосатындығын атап өтті.
– Бұл бүгінгідей алмағайып уақытта дер кезінде және дұрыс жасалған қадам болды. Сондықтан, сайлаудың ел дамуындағы алар өзіндік орны бар, – деді облыстық орыс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Николай Зайцев. Ол Елбасының елдік сөздеріне әрқашан құлақ салып, одан замана лебін аңдап отыратынын, алда баршаға сын болатын уақыт туып келе жатқанын, сондықтан көрпеге қарай көсіліп, қаржыны үнемдеудің, жұмыс орындарын сақтап қалудың маңызды екенін атап өтті.
– Біздің еліміз дамудың әртүрлі ауыр кезеңдерін өткерді. Біз көптеген қиындықтарды еңсеріп, жетістіктерге жеттік. Сондықтан, бұл кезеңді де артқа тастап, көздеген мақсаттарымызға жетуге деген сенімім кәміл. Сондықтан, Қазақстанның біртұтас халқы ретінде Президентімізге әрдайым қолдау көрсетеміз, – деді Н.Зайцев. Сондай-ақ, «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Кагерманова, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лео Шик, славян этномәдени қоғамының жетекшісі Александр Яковлев пен өзге де этномәдени бірлестіктердің өкілдері алдағы саяси науқанды қызу қолдайтындықтарын білдірді.
Жиын соңында шығысқазақстандықтарды сайлауға бір кісідей қатысуға шақырған үндеу қабылданды. Сонымен бірге, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен Достық үйінің қызметкерлері «Үй ішімізбен дауыс береміз! Көшемізбен дауыс береміз!» атты акцияны бастауға уағдаласты.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.
Суретті түсірген
Ғылымбек СӘБИТОВ.