• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қаңтар, 2016

Қостанайда кәсіпкер сотта өз құқығын қорғап шықты

264 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 28 қаңтар. Жітіқара ауданындағы кәсіпкер Ғалия Шүренова жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары облыстық басқармасын сотқа беріп, өзінің кәсібімен айналысу құқын қорғап қалды және 2,4 миллион теңге шығынын қайтарып алатын болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ғалия Шүренова шалғайда жатқан Жтіқара ауданы мен Қостанай қаласына жолаушылар тасымалымен он жылдан бері айналысып келеді. Бұл мақсатқа ол автобус жалдайды және өз көлігін пайдаланады. 2014 жылы жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары облыстық басқармасы кәсіпкермен «Қостанай-Забеловка» бағытында жолаушылар тасымалдау қызметін көрсетуге келісім-шартты үзеді. Ондағы сылтауы жүргізушілер бағыттың соңына дейін бармайды, жолаушылар шағымы болғандығын көлденең тартқан. Алайда, кәсіпкер мұндай дәлелмен келіспей, істің шын көрінісін дәлелдеу және өз бизнесін қорғау үшін облыстағы кәсіпкерлер палатасынан кеңес сұрай отырып, мемлекеттік органнның заңсыз әрекетіне қарсы сотқа жүгінді. Кәсіпкер Ғалия Шүренова: «Алғашында жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасына барып, жағдайды түсіндірдім. Жолаушылардың шағым жасағаны өтірік. Басқармадағылар менімен сөйлеспеді де. Олар бүгінде тендерді де дұрыс өткізбейді, адамның шағымын, пікірін тыңдамайды. Олар бізді нарықтан ысырып тастағысы келді. Менің бар амалым палата мен сотқа бару ғана болды», – деді тілшіге телефон арқылы. Кәсіпкер басқарманы соттың үш сатысында да жеңіп шықты. Ғалия Шүренова Кәсіпкерлер палатасының кеңесімен жұмыссыз қалған уақытындағы кеткен шығынды өндіріп алу үшін мемлекеттік органды екінші рет сотқа берді. Сот шығынды есептеп, 2,4 миллион теңгені кәсіпкер пайдасына қайтарып беруге шешім шығарды. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz.