АСТАНА. 28 қаңтар. Экономикалық дағдарыс Қазақстандағы тұрғын үй нарығына айтарлықтай салқынын тигізуде. Соның салдарынан енді коттедждер мен таунхаустар бөлшектеніп сатылуда. Бұл туралы profinance.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Нақты айтқанда, жоғарыда аталған үйлердің иелері меншігін тұтас күйінде сата алмайтындарына көздері жетіп, оны бірнеше пәтер етіп, бөліп сатуға бел байлаған. Тіпті, әр пәтердің сатып алушысына тиісті техникалық төлқұжат та беріледі екен.
Қазіргі таңда жылжымайтын мүлік жарнамасына арналған сайттарда осындай хабарландырулардың 100-ден астам түрі ілінген. Олардың көбі екі қабатты, ауданы 170-тен 300 шаршы метрге дейінгі үйлер. Иелері аталған баспаналарды 2-6 пәтерге бөліп сатуда. Кей жағдайда жертөле қабаттары да тұрғын жай есебіне қосылған. Үй иелері жылжымайтын мүліктің әр шаршы метрін шамамен 600 долларға бағалап отыр. Мұндай коттедждердің дені Алматы қаласында сатылып жатқанын атап өткен жөн.
Осы салада қызмет көрсететін фирма өкілінің айтуынша, бастапқыда сатушылар үйді сол күйінде сатуға қойған. Алайда, ол кезде тұтынушы табу өте қиынға соққан екен. Нәтижесінде дағдарысқа қарсы сатудың жаңа форматын енгізуге мәжбүр болған.
Еламан Қоңыр.
Дерек: profinance.kz.
Сурет: silkins.com.