Төтенше жағдайлар саласындағы еліміздегі бірегей Көкшетау техникалық институтында Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіріп, насихаттау жөнінде кеңес болып өтті. Оны институт басшысының орынбасары, подполковник Сайранбек Бекмағамбетов ашып, кезекті Жолдау көкейкесті мәселелерді көтеріп отырғандығын атап өтті.
Одан әрі сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова 1 қаңтардан бастап 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанын, бұл барлық қиындықтарды жеңуге сеп болатынын және ұлт мүддесі үшін жасалған бағдарлама екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, бүгінгі дағдарыс уақытында жастардың бірқатары жұмыссыз жүргендігі, бізде құрылысшы, электрик сияқты мамандардың жетіспейтіндігі, осыған орай жастардың әмбебап мамандықтарды игеруі қажеттігі туралы пікірлерін ортаға салды. Жолдау жүктеген міндеттің бірі осы болып табылады.
Подполковник Дәулет Шаяхимов Президент Жолдауының «Мәңгілік Ел» болуды мақсат еткен мән-маңызына тоқталып, бұл жастарға да орасан жауапкершілік жүктейтінін алға тартты. Оқу-әдістемелік бөлімінің аға оқытушысы, капитан Әсем Бекмұхамбетова өз сөзін ұлт болашағы білімді жастардың қолында деп түйіндеді.
Жолдаудың қоғамымыз үшін алар орны ерекше екенін жақсы білетін жастар да сөз алып, әлемді дүрліктіріп жатқан қиындықтардан ойдағыдай шығатындығымызға, өздерінің парызы туған елін, Отанын көздің қарашығындай қорғау екеніне нық сенімдерін білдірді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
КӨКШЕТАУ.