Шығыс Қазақстан өңірінің әлеуметтік желі қолданушылары осылай деп аталатын шараны қолға алды. Яғни, кез келген тұрғын аталған акция аясында қайырымдылық жасай алады.
Өңірдегі белсенді әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Ринат Халиков өз парақшасына: «Қайырымдылық наны» – достарымның бастамасымен және қолдауымен басталған әлеуметтік акция. Тіпті, акция болмаған күннің өзінде біздің күнделікті өміріміздің бір бөлшегі. Өзіміз азық-түлік алып жүрген дүкеннен бір бөлке нанды сатып алып, сатушыға қалдырамыз. Олар оны қарттар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға береді. Біз үшін бұл ұсақ-түйек көрінуі мүмкін, ал біреулердің өмірі үшін өте маңызды. Мұны өзімізді тым қинамай, жанымыздың қалауымен жүзеге асырсақ жеткілікті. Айына бір-екі нан, қаласаңыз одан да көп қалдырсаңыз болады. Бірақ асыра сілтеудің қажеті жоқ. Бұл сіздің ішкі әлеміңіздің бір бөлігі болсын! Ал сіздің әрекетіңіз өзіңізге және бала-шағаңызға жақсылық болып қайта оралсын!, – деп жазды.
Әлеуметтік шараға үн қосып жатқан өскемендіктер баршылық. Олардың қатары сәт сайын толығып келеді. Акцияға қатысушы желі қолданушыларының барлығы дүкендерде сатушымен, қайырымдылыққа қалдырған нанмен бірге түскен суреттерін әлеуметтік желіге орналастырып, аталған шараға үн қосуға шақыруда.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.