АСТАНА. 29 қаңтар. Йемен астанасы Аден қаласында жойқын жарылыс болып, 8 адам қаза тапты. Тағы 12 тұрғын түрлі дене жарақаттарын алды. Бұл туралы 24.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.
Жойқын жарылыс президент резиденциясының алдында болды. Полицейлердің хабарлауынша, жанкешті жарылғыш затты денесіне байлап, автокөлігімен резиденцияға кірмек болған. Алайда, ол діттеген жеріне жете алмай, құрылғыны қақпа алдында іске қосқан.
Кейбір жергілікті телеарналар қастандықтың сол уақытта ғимарат ішінде болған Аден қаласының губернаторына бағытталғанын хабарлауда. Ал жарылыс кезінде президент онда болды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Белгілісі бейбіт тұрғындар қаза тапқан.
Қазіргі таңда қастандық әрекетті «Ирак пен Левант лаңкестік ұйымы» өз мойындарына алды. Олардың хабарлауынша, жарылыстың салдарынан күзет қызметінің 10 сарбазы қаза тауып, 20 адам жараланған.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: egemen.kz.