
Мәдениет және спорт министрлігінде 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін XXXI жазғы Олимпиадада өнер көрсететін спортшылардың спорттық киіммен жабдықталуына орай арнайы құрылған комиссияның отырысы өтті.
Комиссия аталған мақсаттағы мемлекеттік тапсырысты отандық компанияларға беру жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, өзіміздің өндірушілерді қосымша жұмыспен қамтысақ, екіншіден, қазақстандық тауарлар үлесінің артуына септігі тимек. Отырыста жалпы талаптар, эскиздер мен отандық киім өндірушілердің ұсыныстары ортаға салынды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі Сочиде өткен Қысқы Олимпиада ойындарына барған спортшылардың киімін де өзіміздің отандық компания әзірлеген болатын.
Комиссия отырысына Юрий Мельниченко, Ольга Шишигина, Ермахан Ибрагимов сынды танымал спортшылар мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, Ұлттық Олимпиада комитеті мен тәуелсіз дизайнерлер қатысты. Комиссия мүшелері киімнің сапасы, тігісі, дизайны жөнінде қызу пікірталас өрістетіпті. Ең бастысы – киімнің спортшылар үшін ыңғайлы болуы.
Назар ҚАСЫМ.