Әрине, қала ішіндегі дың жүргізушіден құжат сұрамақ түгілі түріне де үңіліп қарамайтыны о бастан белгілі. Көше бойында тұрған МАИ қызметкерлері де аузы-мұрнынан шығып, ыңыранып бара жатқан автобустарды тоқтатып, құжатын тексеруді артық шаруа көреді. Содан болар қала ішінде жүйткіп жүрген автобустардың шопырлары тіптен еркінсіп кетіпті.
Небәрі үш-ақ күнде өткен республикалық «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасында Тараз қалалық ІІД жол-патрульдік қызметі №37 бағыт бойынша жолаушы тасымалдап жүрген автобустың екі жүргізушісін ұстады. Тараз қалалық ІІД жол-патрульдік қызметі батальонының командирі, полиция майоры Бақытжан Жолдасбековтің айтуына қарағанда, «Саяхат-99» ЖШС-не тиесілі бұл автобус жүргізушісінің жолдама қағаздары осы бағытқа сәйкес келмегені былай тұрсын, көліктің осы түрін жүргізуге ешқандай құжаттары болмай шығыпты. Ең сұмдығы, өзін өте дөрекі ұстаған 20 жастағы жүргізушіні медициналық тексеруден өткізгенде дәрігерлер оған есірткіге елтіген деген қорытынды берген. Сонда бұл мекеме басшылары үшін автобус толы жолаушылардың тағдыры бір тиын болғаны ма?
Ертеңінде тағы да 27 жастағы автобус жүргізушісі ұсталды. Оның да көлік жүргізуге құқық беретін ешқандай құжаттары болмай шықты.
Жергілікті полиция қызметінің мәліметіне қарағанда, осы «Автобус» іс-шарасы кезінде 649 жол ережесін бұзу фактілері анықталыпты. Оның ішінде жүргізушінің рөлде кетіп бара жатып ұялы телефонмен сөйлесуі, жол бойында қауіпті маневр жасау және жылдамдықты арттыруы өте көп кездескен. Осы тұста тағы бір айтары, жыл басынан бері Жамбыл облысында орын алған жол-көлік оқиғаларының тоғызында кінәлі жақ оқиға орнынан қашып кетіпті.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.