• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2016

Транзиттік тасымал табысқа бастайды

565 рет
көрсетілді

Ежелгі Жібек жолын жаңғыртып, Шығыс пен Батысты төте жолдармен байланыстырып, екі құрлықтың ықпалдастығын арттыруды көздеп отырған Қазақстан әлемдегі тасымалдау бойынша жаһандық ойыншылардың қатарынан орын алуға талпынып отыр. Бұл мақсатты жүзеге асыру тетігі әуел бастан қарастырылғаны белгілі. Еліміз егемендік алған күннен бастап, Мемлекет басшысы әлемдегі қандай да бір үлкен державаның ығын паналамай, көп векторлы саясаттың сара жолдарын салғаны мәлім. Әйтсе де, «Әуелі – экономика, одан кейін ғана саясат» деген Елбасы экономиканы әртараптандырып, елдегі транзиттік бағыттарды да барынша дамытуға күш салғаны аян. Оның жемісін қазір көре бастадық. Әлемге қанат жайған Қазақстан Осы кезеңде ел аумағында мыңдаған шақырым теміржол магистралдары мен автомобиль жолдарын, теңіз порттары мен әуежайлардың инфрақұрылымын салып, жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мамандардың нақты болжамдарына сүйенсек, жоспарланған осынау мақсатқа қол жетсе, тағы 5-6 жылдың көлемінде еліміздің транзиттік жолдарындағы жүк тасымалы бүгінгіден екі есеге көбейіп, 36 миллион тоннаға дейін артады екен. Ол жағдайда еліміз жаңадан қолға алып жатқан логистикалық қызмет көрсету саласының қарыштап алға жылжитынына дау жоқ. Тасымалдағы тауарды бір есіктен екінші есікке дейін мұқият жеткізіп беру қызметі өріс алса, өндірістің өркен жаяры кәдік. Республика орталығы Астанадан тарайтын жолдар ел аумағымен ғана шектелмей, көрші мемлекеттердің күретамыры іспетті транзиттік жолдарына жалғанып, әлемдік тасымал ағындарына әр тараптан барып қосылуды көздеген Қазақстан расында тасымалдың ғаламдық ойыншыларының қатарына еніп келе жатқаны шүбәсіз. Бұл жаһандық шараның басында, әрине, Мемлекет басшысы тұр. Елбасы: «Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астананы және макроөңірлерді магистралды автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Астана – Алматы; Астана – Өскемен, Астана – Ақтөбе – Атырау, Алматы – Өскемен, Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда, Атырау – Астрахань. Сондай-ақ, елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытында Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткел және Боржақты – Ерсай теміржол желісі ықпал ететін болады. Үкіметке Қытайдың, Иранның, Ресей және Батыс елдерінің «құрғақ» және теңіз порттарында терминалдық қуаттар салу немесе жалға алу мәселесін ойластыруды тапсырамын», деген болатын. Ендігі Қазақстанның тасымал әлеуетін арттыру үшін алда атқарылар жұмыс көп. Бірінші кезекте, көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған кешенді жобалар жүзеге асырыла бас­тады. Бұған қоса, ел аумағында, сондай-ақ, сыртқы нарықта еліміздің терминалдық желісін дамытудың іс-шаралары қолға алынды. Нәтижесінде, ел іші мен шетелдерде логистикалық инфрақұрылым салу жұмыстары жалғасын табуда. Бұл ауқымды шаралар Елбасы діттегендей іске асырылса, өз еліміздің ғана емес, аймақтағы мемлекеттердің де экономикасының дамуына серпін беріп, халықаралық серіктестік байланыстарды тағы да нығайта түсетіні күмәнсіз. Егемендіктің екі тізгіні қолға тигелі Аспанасты елімен тығыз араласып, ынтымағы жарасқан көршілерге айналдық. Әсіресе, сауда-саттық ісінде қоян-қолтық араласып, екі елдің де экономикасына тиімді жобалар іске асырыла бас­тады. Бұл игі әрекеттердің берекеті де мол болып тұр. Шындығына келгенде, көліктік-логистиканы дамытуға өте мүдделі Қазақстан көрші елдегі өзіне керекке қол жеткізіп отыр. Мысалы, Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай терминалы сыртқы аумақтардағы логистикалық желімізді ұзартып, өрісін барынша ұзарта түсті. Ал Балтық жағалауы портында жылына 1,7 млн. тонна жүк өткізетін терминал құрылысы жобаланып жатыр. Мұнымен бірге, Янтиен теңіз портында, Сиан қаласы мен Чженчжоу қаласының «құрғақ» портында 2 млн. тоннаға дейін жүк өңдеу мүмкіндігі бар. Бұйыртса, таяу болашақта Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытында контейнерлік тасымал 15 есеге өседі деген нақты болжам бар. Елімізге ресми сапармен келген кезінде Үндістанның Премьер-министрі Н.Моди: «Біз бұл өңірмен терең интеграциялану үшін Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда туралы келісім мәселесін қарастыруды бастадық. Біз сауда және энергетика транзиті арқылы нақты байланыстарымызды жандандыра аламыз. Ал «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі бәсекелестікті арттырып, Үндістаннан Еуразияға дейін шұғыл бағыт ашуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта барша Орталық Азияның бұл бағытқа қосылатындығына сенімім зор», деген болатын. Негізі, ел Үкіметінде Үндістанға транзиттік тасымал ұйымдастыру мәселесі де пысықталып жатқан еді. Жүйелеп айтар болсақ, ол былай, Үндістан тауарларын Мундра портынан Иран, Түрікменстан және Қазақстан арқылы тасымалдау жайының логистикалық нобайы көзделіп тұр. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, Еуразия нарығында негізгі сауда көлемі 2-3 жыл көлемінде 1,5 есеге артады екен. Нақты сандарға жүгінсек, 2014 жылы сауда-саттық 800 млрд. долларды құраған болса, 2020 жылдары 1,2 трлн. долларға жетуі әбден ықтимал. Мемлекеттік мақсатқа айналып отырған осынау жаһандық шараның басы мен аяғын үйлестіріп жүрген «Қазақстан темір жолы» ұлттық компания­сы екені аян. Бүгінде компанияның қарамағына өткен Ақтау порты DP World бірлесіп «Қорғас» АЭА көліктік өзара ынтымақтастық орнатып, жаһандық жеткізу тізбегін ұйымдастыруда. Сөйтіп, әлемдік сауда мен көліктік тізбегін біздің елдің инфрақұрылымдық сервистік қызметімен қамту жобасын жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ, Еуропа мен Орталық Азия бағыттарына жүк тасымалын көбейту мақсатында Қытайдың ірі провинцияларымен және теміржолдарымен белсенді жұмыс істеуде. Мысалы, Қытайдан құрлық арқылы Ресейге және Еуропаға, Каспий теңізі арқылы Кавказға, Түркияға және Оңтүстік Еуропаға, Түрікменстан арқылы Парсы шығанағы елдеріне, Үндістанға және Пәкістанға өтетін жаңа логистикалық жүк тасымалы тізбегі еліміздің тасымал әлеуетін еселеп өсіретіні анық. Негізінде, «Қазақстан – Жаңа Жібек жолы» жобасын жүзеге асырудағы табысты шараның бірі ҚХР – Қазақстан – Еуропа бағытында Чунцин – Дуйсбург, Чэнду – Лодзь, Чженчжоу – Гамбург, Ухань – Лодзь – Пардубице, Ухань – Достық – Лодзь тұрақты контейнерлік пойызын ұйымдастыру болып отыр. Ойға алған осы шаралар жүзеге асса, Қазақстанның тасымал бойынша жаһандық ойыншылардың қатарынан көрінуі әбден мүмкін. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».