• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2016

«Адам денсаулығы сақтандырылса, жауапкершілік те артады...»

423 рет
көрсетілді

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрлан Қасымов: «Адам денсаулығы сақтандырылса, жауапкершілік те артады...» – Нұрлан Қаукенұлы, Пар­ламент «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң жобасын мақұл­да­ды. Екінші рет келіп тұрған жа­ңа­шылдықты тұрғындар қалай қабылдайды деп ойлай­сыз?.. – Бұл жүйе әлем елдерінің тәжірибесінде бар. Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында осы міндетті меди­циналық сақтандыру мәселесі айтылды. «Тұрғындардың денсау­лығын сақтау саласындағы бас­­ты міндет – міндетті меди­ци­налық сақтандыруды енгізу. Арқау­лық медициналық көмектің ке­пілдендірілген көлемін көрсе­туде жеке сектордың үлесін ұл­ғайту есебінен бәсекелестік орта кеңейеді және денсаулық сақтау қызметінің сапасы артады...» деп атап көрсетті. Әрине, жалпы, бізде медици­налық сақтандыру туралы әлі де дұрыс түсінік қалыптасып үлгермеген. Медициналық сақтан­дыру деген, қарапайым тілмен айтқанда, халықтың денсаулығын қорғау. Яғни, қорға жиналған қаражат есебінен азаматтардың тегін медициналық көмек алуына кепілдік береді. Барлық дең­гейде мемлекеттік бюджеттен қар­жыландырылатын тегін ден­сау­лық сақтаудан медициналық сақтандырудың айырмашылығы осында. Бізде әрбір адамның денсаулығына мемлекет жауапты. Ал жұмыс берушіге жүктелер жауапкершілік жоқ. Мысалы, мемлекет тек балалардың, зейнет­керлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың, әскери қызмет­кер­лердің денсаулығына жауапты болуы тиіс. – Медициналық сақтандыру не үшін керек дегендерге не дейсіз?.. – Еуропа елдерінде науқас­тардың дертін ерте кезінен анықтап, емдеу ісі қолға алынғалы қашан. Халық жиі медициналық тексерулерден өтеді. Біздің денсаулық сақтау саласы да осы мақсатқа жетпекші. Міндетті медициналық сақтандыру әрбір тұрғынды ме­дициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Бұл ең алдымен адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады. – Ал емханалардағы ұзын-сонар тізбектелген кезек мәсе­лесін қайтеміз?.. – Қазір кезек мәселесі жөнделе бастады. Науқас үйден шықпай-ақ электронды түрде немесе телефон арқылы емханаға жазылып, дәрігерді шақыра алады. Бұрын көпшілік телефонның бос болмайтынын айтып, шағым­данатын. Бұдан былай мұн­дай мәселе орын алмайды. Көп­арналы ID диспетчерлік қыз­меттері ұйымдастырылуда. Емде­лушілердің электронды амбула­ториялық картасы жасалынуда. Алдағы уақытта облыс орта­лығында электронды амбулатория картасын енгізу жоспарда тұр. Екібастұз, Ақсу қалаларының ем­ханалары мен аудандық ауруханаларды да электронды жүйеге көшірмекпіз. – Жан-жақтан көшіп келу­шілер саны артты. Облыс орта­лығындағы емханалардың тұр­ғындарды қабылдау мүмкін­діктері азайған болар?.. – Облыс орталығында қосымша №3 емхананы іске қостық. Емха­наларда интернет арқылы тіркелу жүйесін де енгіздік. Кез келген тұрғын облыстық денсау­лық сақ­тау басқармасының ресми сайтына кіріп, өзіне қолайлы уақытты таңдап, дәрігердің қабылдау ке­зегіне жазыла алады. Бүгінде өңір­дегі 373 емхана, ауруханалар тұрғындарға сапалы қызмет кө­рсету үшін 2 мыңнан астам дәрігер, 5 мыңнан астам орта ме­дициналық қызметкерлер тынымсыз еңбек етуде. Өкінішке қарай, өңірде қан айналым жүйесі мен қатерлі ісік ауруларынан болған өлім-жітім азаймай тұр. 2014 жылы қан айналым аурулары бойынша 72 мыңнан астам павлодарлық тексеруден өткен. Қазір эндос­копиялық, биохимиялық, бак­те­риологиялық зертханалар мен кейбір амбулаторлық кө­мек көр­сету қызмет түрле­рі орта­лық­тандырылды. Медици­налық ме­ке­мелердің материалдық-тех­ни­калық негізі жаңартылды. 400 миллион теңгеден астам қаржыға 231 құрал-жаб­дық бірлігі сатып алынса, «350 дәрі­герлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және емханалар құрылысы» атты мемлекеттік бағдарлама аясында 7 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Облыстық диаг­ностикалық орталықты қа­лалық емханалармен байланыс­тыратын медициналық ақпарат­тық «Инфомед», «АИС» бағдарла­малары енгізілді. – Ал отбасылық дәрігерлер қажеттігі қандай?.. – Алғашқы медициналық кө­мек көрсетудің ең тиімді жолы осы. Науқастардың дені тұмау, суық тию, қан қысымы, бронхитпен ауыратындарын ескерсек, осы кезде отбасылық дәрігерлер үй жағдайында емделу жолдарын белгілеп, қажетті ем-домды жасайды. Учаскелік бөлімше дәрігерлеріне жеңіл. Мысалы, қазір бір учаскелік дәрігерге шамамен 5 мың адамнан келеді екен. Қазір санитарлық көмекті қаржыландыру өзгерді. Жан басына шаққандағы норматив қала тұрғындары үшін 642 теңгені, ал ауылдықтарға 1479 теңгені құрайды. Бір емханада 50 мың адам тіркеуде тұрса, аталған көрсеткіштер тіркелген тұрғындар санына көбейтіледі. Емхананың қазынасына түсетін қаржының көлемі анықталады. – Ауыл медицинасы жаңа­шыл­­дықтарға ілесе алуда ма?.. – Әрине. Облыс орталығында, Екібастұз, Ақсу қалаларында уль­традыбыстық машина, рентген, зертхана, стоматология құрал­дарымен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер бар. Бас­қарма бекіткен кестеге сәйкес, көктем, күз кезінде ауылдарды аралайды. 2012 жылдан бастап «Санитарлық авиация әуе көлігі» жұмысын бастады. Аудан орталықтарында ұшақ, тікұшақ қона алатын алаңдар жасалды. Санитарлық авиацияның жедел көмегімен 467 науқас облыс орталығына жеткізілді. Қазір өңірдегі 70 санитарлық көлікке GPS-навигатор орнатылды. Әр көлікте ұялы телефон бар. GPS жүйесіне қосылған осы 70 көліктің 30-ы – ауылдарда. Биылғы жылы облыстық бюджеттің қаржысы есебінен 30, ал республикалық қазынадан бөлінетін қаржыға тағы да 7 көлік сатып алуды жос­парлап отырмыз. Өткен жылы дәрігерлеріміз жылжымалы ме­ди­­циналық кешенмен 300-дей ауыл­ды аралап, 37 мың адамға диагностикалық зерттеулер жасап, 26 мыңнан астам адамға кеңестер берді. Медициналық тексеруден 29,678 ауылдықтар өтті. Телемедицина технологиясы дамытылып, ауыл тұрғындарына кеңес беріледі. Облыс орталығына келіп жүрулері азайды. – «Дипломмен – ауылға!» жобасы қалай жүзеге асырылуда? – Бүгінде өңірде дәрігер ма­мандарға қажеттілік бар. Жыл сайын шамамен 120 дәрігер қажет болса, зейнетке шыққан дәрігерлер орнын жас мамандармен толықтырудамыз. Облыста медицина саласында отбасымен бірге қызмет етіп жүрген 20-ға жуық дәрігерлер әулеттері тұрады. Ауруханалардың бас дәрігерлері Астана, Қарағанды, Семей қ­а­лаларындағы медициналық уни­верситеттерге барып, студенттермен келісімшарт жасайды. Жас дәрігерге 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме ақы беріледі, жергілікті билік тарапынан да қаржылай жәрдем көрсетіледі. Ауылға барған дәрі­герлерге баспана, пайызсыз несие қарастырылған. Былтыр облы­сымызға 130 жас дәрігер келсе, оның 35-і ауылдарда қызмет жасап жүр. Тіпті, «Жас дәрігер мамандардың құрылтайын» да өткіздік. Денсаулық сақтау сала­сында реформаларды табыс­ты жүзеге асыру үшін менеджмент және маркетинг принциптерін енгізу, денсаулық сақтау меке­мелерін басқарудағы эконо­ми­калық және әлеуметтік-психо­логиялық әдістерді қолдану қа­жеттігі туындады. Қазіргі күні біздің 50 дәрігеріміз менеджерлік білім алды. Біздің дәрігерлердің шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасуына және медицинасы дамыған елдерге оқуға баруына да жағдай жасалған. Мысалы, облыстық ауруханаға неміс ғалымы, белгілі профессор Хенни Хойман, Қытай дәрігерлері арнайы келіп, шеберлік сыныптарын өткізді. – Нұрлан Қаукенұлы, 2011-2015 жылдарға арналған «Сала­матты Қазақстан» бағдар­лама­сының орындалу барысы қалай болды?.. – Бағдарлама еліміздің ден­саулық сақтау саласының бас­ты мақсаттарын орындауда же­тiстiктерге жеткізді деп ойлаймын. Енді 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Елбасы Жол­дауларында денсаулық сақтау саласына қатысты тапсырмалар берілуде. Облыс орталығында онкологиялық диспансер салу да күн тәртібінде тұр. Денсаулығына байланысты арнайы кезекте тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту да жетілдірілуде. Облыс орталығында пайдалануға берілген өңірлік кардиологиялық орталықта бір жылдың ішінде 3 мыңға жуық науқастың жүрегіне ота жасалады. Жергілікті кардиологтар осыншама адамның өмірін сақтап қалды деген сөз. Бұл орталық елімізде алғашқы болып құрылған, респуб­лика бойынша қазіргі уақытта, жалғыз кардиологиялық кластер. Осыдан екі жыл бұрын буындарға эндопртездеу отасын жүргізу үшін науқастар республикалық орталық клиникаларға баратын, қазір жамбас пен тізе буындарын алмастыру отасын облыс дәрігерлері өздері жасайды. Бұл денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытуға, медициналық кадрлар­дың әлеуетін арттыруға және меди­циналық ұйымдардың ма­те­риалдық-техникалық базасын жаңартуға бағытталған іс-ша­ралардың нәтижесі. Халықтың денсаулығын жақсартып, әлеумет­тік-демографиялық дамуын қам­­тамасыз етуге бағытталған рефор­маның тиімділігі дейміз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан».  Павлодар облысы.