• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау жалғаса бермек

340 рет
көрсетілді

Өткен жылы агроөнеркәсіптік кешен саласын қаржыландыруға 363 млрд.теңге бағытталды. Осы қаражаттың 64 млрд.теңгесі АӨК субъектілерін қаржылай сауықтыруға жұмсалды. Бұл шамамен 2 млн.гектар егістік алаңы айналымын және 8 мыңға жуық өндірістегі жұмыс орындарын сақтап қалуға ықпал етті. Осы ретте, қаржылай сауықтыруға қол жеткізген агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қаржылық жүктемесі айыппұлдар мен өсімақыларын шығысқа шығару есебінен 1,8 млрд.теңгеден астам сомаға төмендеді.  Осылай деді Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов. Оның айтуына қарағанда, 2015 жылы қаражаттың көп бөлігі холдинг тарапынан несиелеу мен лизингке бағытталған. Шамамен 15,5 мың несие беріліп, 4 мың бірліктен астам ауылшаруашылық техникасы сатып алынып, лизингке берілген. Және де өткен жылдың қорытындысы бойынша, агрөнеркәсіптік кешенінің несие қоржынындағы холдинг үлесі 43%-ды құрады. Осы ретте 49 мың қарыз алушы холдингтің тұтынушылары болып табылады. Сонымен қатар, холдингтегі аграрлық секторды несиелеудің жалпы көлеміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 88% болып отыр. Және де «ҚазАгро» компаниясы тобымен жүзеге асырылатын бағдарламалардың есебінен 29 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал егін егу және жинау науқанына бюджеттік несиені есептегенде холдинг тарапынан 101,2 млрд.теңге бағытталып, бұл жалпы 6,5 млн.га алаңда барлық қажетті агротехникалық шараларды жүргізуге мүмкіндік берді, деді холдингтің басқарма төрағасы. Биылғы жылы көктемгі-егіс және орақ жұмыстарын қаржыландыру үшін «ҚазАгро» холдингіне 60 млрд.теңге бюджеттік несие қаражаты беріліп, оны қарыз түрінде холдингтің еншілес ұйымдары мен банктердің арасында бөлу болжанып отыр. Бұл ретте оның еншілес компаниялары – Аграрлық несие корпорациясы мен Азық-түлік келісімшарт корпорация­сы өз кезегінде, ауылшаруашылық тауар өндірушілерін тікелей және ауылдық несие серіктестіктері мен шағын және қаржы ұйымдарының кеңейтілген аймақтық желілері арқылы да қаржыландыра алады. Елдегі күрделі нарық жағдайына қарамастан, бюджеттік қаржыландыру өткен жылдардағы сияқты АӨК субъектілерін несиелеу шарттарын сақтап қалуға ықпалын тигізеді. Сондай-ақ, холдингтің АӨК-ті несиелеудің қолжетімді жүйесін қалыптастыру жөніндегі қызметі банктерді, несие серіктестіктерін, лизинг компанияларын және АӨК несиелеуші басқа да қаржы ұйымдарын қорландыру, шағын қаржы ұйымдарын қорландыру деңгейін арттыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Осылайша, фермерлер бірнеше қаржыландыру құралдарын пайдалана алады. Мысалы, екінші деңгейлі банктер арқылы несие­леу бойынша ауылшаруашылық тауар өндірушілері банктің рейтингіне байланысты 7,41% мөлшерлемемен несие қаражатын алады. Ал екінші қаржыландыру – Аграрлық несие корпорациясының аймақтардағы өкілдіктері арқылы тікелей екінші деңгейлі банктердің кепілдігімен несиелеу бойынша болмақ. Бұл ретте олар үшін несие мөлшерлемесінің жылдық көлемі 5%-ды құрайды, деп атап өтті Нұрлыбек Малелов. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».