Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары –Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов екі бірдей кездесу өткізді.
Кездесулер Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы Қазақстан халқы Ассамблеясы залында ұйымдастырылды. Е.Тоғжанов алдымен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының аға саяси кеңесшілері Марк Фумагаллимен және Дженнифер Крофтпен кездесті. Оған Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 5-ші шақырылымдағы депутаты Юрий Тимощенко, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова, сондай-ақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссариатының Орталық Азия өңірі бойынша жобаларының ассистенті Гүлжан Ермекбаева қатысып отырды.
Одан соң Е.Тоғжанов Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадовпен кездесті. Кездесуге қатысушылар ҚХА-ның халықаралық серіктестігі шеңберінде онымен іс-қимыл жасау, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің ерекшеліктері мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, тараптар мемлекеттік этносаясат саласын одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Әңгіме арқауы негізінен екі ел арасындағы мәдениетаралық үнқатысуды одан әрі дамыту мәселелері, гуманитарлық өзара іс-қимылдың маңызды бағыттары болды. Шетелдіктер этносаралық келісімді қамтамасыз етудегі Қазақстанның оң тәжірибесін айрықша атап, жүргізіп отырған бейбітшілік пен келісім саясатын өте жоғары бағалайтындықтарын жеткізді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.