• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Өтініш-тілектер ескеріледі

306 рет
көрсетілді

Кеше «Бірлік» саяси партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлімі ашылды. Дәл осындай қабылдау бөлімдері еліміздің барлық аймақтарында жұмыс істей бас­тайтын болады. Бұл жерлерде сайлаушылардың партия, партиялық тізім бойынша Парламент Мәжілісіне ұсынылған кандидаттар туралы мәлімет алып, олардың қоғам өмірінің барлық саласына қатысты сұрақтарына жауап беруге толық мүмкіндік жасалған. Бұл күні Республикалық қоғамдық қабылдау бөліміне келген азаматтардың кейбірі, бірінші кезекте, «Бірлік» партиясының сайлауалды бағдарламасын білгісі келсе, енді бірін сайлаушылардың құқығы мен міндеттері қандай деген мәселе қызықтырды. Сонымен қатар, келушілердің барлығы «Бірлік» партиясының еліміздегі басқа саяси күштерден айырмашылығы қандай деген сауал­дарын қойып жатты. Осыған орай, партия мүшелері келушілердің сұрақтарына толық жауап беріп, құқықтық мә­селелерге байланысты кеңес берді. Мәселен, партия төр­аға­сының орынбасары Төлеген Қуанышевтың айтуынша, қоғам­дық қабылдау бөлмесі алдын ала белгіленген уақыт аралығында, яғни таңғы сағат 9-дан бастап, кешкі сағат 6-ға дейін қызмет ететін болады. «Біз бұл жерде оларды тол­ған­дыратын сауалдар бойынша қабылдауға дайынбыз. Кешеден бері Қарағанды, Ақмола облыс­тарында ашылды, басқа өңір­лерде де біртіндеп ашыла бас­тады. Сайлауға дайындығымыз өте жоғары деңгейде. Біз сайлау­шы­ларға тарататын құжаттары­мыздың мазмұнына айрықша мән береміз. Оларда біздің мақ­саттарымыздың шешілу жолдары айқын көрсетілген», – деді Т.Қуанышев. Ал партия мүшесі Мұрат Раев қазіргі таңда сайлауалды нау­қан­ның қызметін құқықтық жағынан қамтамасыз етуге арналған орта­лық, жергілікті бұқаралық ақпа­рат құралдарымен байланыс жүр­гізетін қызмет жүйесі құрыл­ғанын, ал жергілікті жерлерде пар­­тияға қатысты насихат жұмыс­тар­ын жүргізетін насихатшы топ­­тар­дың құрыла бастағанын жеткізді. «Біз ақпан айының 20-сынан бастап, яғни ресми түрде сайлау­алды науқанымызды жүргізетін боламыз», – деді ол өзінің сөзінде. Жалпы, қоғамдық қабыл­дау­дың жұмысы іркіліссіз жүруі үшін арнайы жұмыс кестесі жасалған екен. «Бірлік» саяси партиясының қоғамдық қабылдау бөлімдері азаматтарды саяси науқан аяқ­тал­ғанға дейін қабылдайды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Астана.