• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Астана – тоғыз жолдың торабында

336 рет
көрсетілді

Еуразиялық интеграция институтының арнайы жобасы

ҚАЗАҚСТАННЫҢ «НҰРЛЫ ЖОЛ» ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫ

Еліміздің көлік-транзиттік логистикалық әлеуетін дамыту «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберінде іс жүзіне асырылатындығы белгілі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «5 институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамының» 65-қадамында «Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау. «Еуразиялық трансконтинентальдық дәліз» мультимодальдық көлік дәлізін құру жөніндегі жобаны іске қосу. Ол Азиядан Еуропаға жүктер транзитін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді», деп атап көрсетілген. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Астананың халықаралық дәрежедегі ең негізгі көлік хабтарының біріне айналуға толық мүмкіндігі бар. Бұл ретте қала әкімдігі белгілеген жоспарлар бойынша, Астана Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналуы тиіс. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында болашақта Астананы халықаралық қаржы орталығына айналдыру жөніндегі кешенді міндеттер белгіленген. Атап айтқанда, «100 нақты қадамның» 70-қадамында «Астана ЭКСПО-2017 инфрақұрылымдары арқауында арнаулы мәртебе бере отырып, Астана халықаралық қаржы орталығын (AIFC) құру. Қаржы орталығының ерекше заңды мәртебесін Конституцияда бекіту. Орталықтың ТМД, сондай-ақ, Батыс және Орталық Азияның барлық өңірлерінің елдері үшін қаржы хабы ретінде қалыптастыру. Өзіндік заңдылықтары бар тәуелсіз сот жүйесін құру, ол ағылшындық құқық қағидаттарымен қызмет істейтін болады. Судьялар корпусы шетелдік мамандардан құрылады. Болашақта Қазақстанның қаржы хабы әлемнің 20 алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарының қатарына енуі тиіс», деп атап көрсетілген. Осыған байланысты елорда әкімдігінде болашақ қаржы орталығына қатысты барлық мүмкіндіктер сараптаудан өткізілуде. Бұл ретте, болашақ орталықтың жұмысы қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалына, тұрғын үй және қонақүй қызметі рыногына, еңбек рыногына, миграциялық және туристік ахуалға қалай әсер ететіндігі барынша зерттелуде. Қала әкімдігі болашақ қаржы орталығының қызметін қосымша қаржы қызметтерін көрсету арқылы қалай дамыту жөнінде бағдарламалар белгілеуде. Әлемдік қаржы орталығы ретінде Астананы дамыту жоспары шеңберінде дүниежүзінің жетекші ірі қаржы орталықтарымен жүйелі түрде қатынас жасау мақсатында әуе қатынасын дамытудың маңызы зор. Бұл бағдарлама аясында кешенді шаралар белгіленуде. Сөйтіп, елордамызды Азия және Еуропа құрлықтары арасындағы «алтын көпірге» айналдыру жолында ірі жобалар іс жүзіне асырылады. Сонымен бірге, елорда әкімдігі жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, «Астана ЛРТ» ЖШС-нің алдына қала ішіндегі көлік қатынасы қызметін жаңғырту міндетін қойып отыр. Қазірдің өзінде халықаралық ірі жобалар мен форумдардың орталығына айналып отырған елордаға атбасын тірейтін қонақтар қатары күн санап артып келеді. Ал алдағы өтетін «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің аясында Астанаға қаты­найтын қазақстандықтар мен шетелдіктердің қа­тары еселеп артатын болады. Осыған байланыс­ты қаламызды су, жылу және электр жарығымен қамтамасыз ету орталықтарына түсетін салмақ та күрделі болмақ. Жалпы, қала экономикасын дамыту­дың маңызды салаларының бірі – энергетика. Бұл жүйенің жұмысын тиімді үйлестіру бағытында елордада атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кезекті дәстүрлі кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астананы бүгінде әлемдегі аса серпінді дамып келе жатқан қала деп есептейміз. Жеткен жетістіктер үлкен. Сонымен бірге, біз қазір бұдан да жоғары мәселелерді белгілеп, Астанамызды өмір сүруге ең қолайлы қалалардың біріне айналдыру жолында міндеттер қойып отырмыз», деп атап көрсетті. Бас шаһарды тұрғындар мен қонақтар үшін ең қолайлы қала ретінде одан әрі дамыту үрдісінде сапалы да сенімді энергетикалық инфрақұрылым қалыптастырудың маңызы зор. Қалалық энергетика басқармасы мамандарының айтуынша, соңғы кезде елорданың энергетикалық саласына ерекше назар аударылып отыр. Жаңа нысандардың құрылысынан басқа қолданыстағы нысандарды қалпына келтіру және жылу орталықтарының энергия көздерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Елордадағы энергетикалық инфрақұрылымды ойға алғанда №1 ЖЭО, №2 ЖЭО алдымен еске оралады. Астана халқының өсуіне байланысты жарық және жылу жүйелеріне салмақ түсіп жатқаны да белгілі. Сондықтан қаладағы негізгі осы екі жылу электр орталығын жаңғырту бірінші кезекте жүзеге асырылып келеді. «Ақылды қала» инновациялық жобасы шеңберінде 2015 жылы ПТВП-100 ст.№7 қазандық агрегатының орнына КВ-Т-128-150 су жылытқыш қазандық агрегаты орнатылды. Екі күл үйіндісін өңдеу орталықтарының құрылыс жұмыстары аяқталды. ЭКСПО-2017 көрме қалашығы, «Абу-Даби Плаза» ТК нысандары, «Мыңжылдық саяжолы», Орынбор, Тұран, Сарайшық даңғылы бойындағы тұтынушыларды жылу энергиясымен қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 489 км-4-5 кірмелердің жылу магистралін, сондай-ақ, 6 жоғарылату сорғы стансасының құрылысы салынуда. Елорданың жылу-энергетикалық жүйесінің әлеуетін арттырып, энергетикалық қуатты жаңа сапалық деңгейге көтеруде №3 ЖЭО-ның алар орны ерекше. Бүгінгі озық технологиялық талап бойынша жабдықталып жатқан №3 ЖЭО-ның құрылысы алдағы уақытта аяқталып, 2016 жылдың соңында толық пайдалануға берілетін болады. Онда су жылытатын 4 бірдей қазандық құрылысы жүзеге асырылды. Осы заманауи жылу электр орталығының пайдалануға берілуіне байланысты бас қаланың энергетикалық инфрақұрылымы уақыт талабына толық жауап беретін болады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».