• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Айдананың әлемі

573 рет
көрсетілді

Осыдан екі жыл бұрын Айдана Нұртазина есімді жас кәсіпкер «Киім тігу және жөндеу бо­йынша ателье ашу» жобасымен несие алып, өз бизнесін бастаған болатын. Бүгінгі күнде ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегіне сүйеніп, кәсібін өрістете түсуді көздеп жүр, кең­сесін кеңейтпекші, жаңа тігін станоктарын алып, қосымша жұмыс орындарын ашпақшы. «Жұрттың бәрі инфляцияны, арзандап кеткен мұнайды жазғырады. Меніңше, бұл дүниедегі ең қорқынышты нәрселер – соғыс пен ашаршылық. Ал қалғаны – бос әңгіме. Мен үшін дағдарыс де­геніңіз – адамды қамшылайтын, алға ұмтылуға ынталандыратын қосымша мүмкіндік көзі», – дейді Айдананың өзі. Айдана – қатал тағдырдың сынына бала кезінде ұшыраған жан. Тоғыз жасында тізедегі болмашы жарақаты асқына келіп, қатерлі ісікке айналған еді. Дәрігерлер осындай диагноз қойып, аяқты тізеден кесу керек деген ұйғарымға келген. Алайда әкесі мұ­нымен келісе қоймады. Қызының болашағын ойлаған әке жақсылықтан күдерін үзбей, емшіден емші қоймай ел ішін адақтаған. Сөйтіп жүргенде арада сегіз ай өтіп, тізедегі ісік асқынып барып жам­­басқа шапқан еді. Амал жоқ, сырқаты әбден қа­жытқан Айдананың операция үстеліне жатуы­на тура келді. Ота жасалып, оң аяқ жамбастан кесілген... Қайран ана қызының жанынан кетпей, ауруханада бір жыл бақты. Ата-ананың шексіз махаббаты мен сарқылмас мейірімі Айдана құлыншақты уайым мен түңілудің құрдымынан аман алып шыққан болатын. Қайсар қыз уақыт өте келе балдақпен жүруді меңгеріп алды. Ең бастысы, ол өзін мүгедекпін деп санамаған. Үйде оқып, орта мектепті бітірді. Одан кейін банк колледжінің күндізгі бөліміне оқуға түсті. Намысқа тырысып, үйдегі шаруаның бәрін атқаратын: кір жуып, үй жинап, тамақ та пісірді. Оның өмірге деген құлшынысы құрбыларының да қатарын көбейткен. Олардың достық пейілі Айданаға қанат бітіріп, арманын да асқақтата түскен еді. Колледжді бітіргеннен кейін Айдана банк қызметкері бола алмады: еңбек тәжірибесі жоқ, оның үстіне екінші топтағы мүгедекті кім жұмысқа ала қойсын?! Содан дүкендердің біріне барып, бір бұрыштан сауда нүктесін ашты. Саудасы жүріп кетпесе де кәсіпкерліктің қыр-сырына әжептәуір қанығып алды. Өз алдыма бизнес бастасам деген ой сол кезде келген болатын. «Құланның қа­суына мылтықтың басуы» демекші, дәл сол жылдары елімізде 1-ші және 2-ші топтағы мүгедек жан­дар­дың жұмыс істеуіне жағдай жасалған еді. Айдана білекті сыбанып, қаладағы бірнеше тігін цехында жұмыс істеді. Еңбек ете жүріп, өз алдыма цех ашсам деген арманы да ұлғая түскен. Ақыры тәуекелге бел буып, өзінің жеке тігін ательесін аш­ты. Мұның алдында сән колледжінде үш айлық курстан өтіп алды. Хабарландыру бойынша ескі тігін машиналары сатып алынды. Сөйтіп, жаңа ательесіне «Аида» деген қызының есімін беріп, жұмысты бастап та кеткен болатын. Бұл өмірдің қызығы мен шыжығы таусылған ба? Әу баста дәрігерлер Айдананың бала тууына үзілді-кесілді қарсы болды. Бұған көне қояр Айдана ма, бірнеше рет қолхат жазып жүріп, ақыры өмірге Аида есімді сәбиді әкелген. Кішкентай ғана Аида анасының өмірін мүлде өзгертіп жіберген еді. Бұрынғы бұрынғы ма, Айдана енді жаңа биіктерге құлшына құлаш сермеген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, Үкіметтің кәсіпкерлерге деген қамқорлығын ба­рынша пайдаланды. Көп ұзамай Айдананың қолынан шыққан сәнді де сапалы киім-кешек қала тұрғындарының сұранысына ие бола бастады. Астанада өткен қолданбалы өнер конкурсында жүлделі үшінші орын алып, оның сыйақысын шап-шағын бизнесінің қажетіне салды. Айдана бизнестен қолы сәл босай қалса, «Жан Дос» деп аталатын мүгедек спортшылардың қоғамдық бірлестігіне барып, би үйірмесіне қа­тысады. Бүгінде қазақтың қайсар қызы мүге­дектер арбашасында отырып-ақ кез келген биді мың бұрала билейтін дәрежеге жетті. Тіпті, халық­аралық конкурсқа қатысып, Австрия, Ресей, Гру­зия сынды мемлекеттерден келген мықты биші­лерді артқа тастап, жүлделі орынға да ие болды. «Күнделікті жаттығулар жаныма күш-қуат береді. Би мен музыка мені көкке алып ұшатын құ­діретті күш. Осындай сәттерде мен өзімді ерекше бақытты сезінемін», – дейді Айдана. Міне, қиындықтан қаймықпаған қазақ қызының кішкене ғана әдемі әлемі өмірге деген осындай ұлы махаббаттан нәр алады. Әлбетте, бұл әлемде налу мен мұңға, түңілу мен торығуға орын мүлде жоқ! Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ. Суретті түсірген Д. КУЗЬМИЧЕВ.