• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Қорғансыз жастарды қорғау

358 рет
көрсетілді

«Сәтті қадам» республикалық жобасы аясында жүзеге асады Шығыс өңірінде «Нұр Отан» пар­тиясының «Сәтті қадам» акциясы сәтімен жүзеге асып келеді. Аталған жоба аясында жоғары немесе арнайы оқу орындарын тәмамдаған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жұмысқа орналастырылуда. Кеше Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік тех­­­­никалық университетінде жас­отандықтар өңірдегі бірқатар ірі кәсіпорындардың жетек­шілерімен бас қосты. Кездесуге жоғары және арнайы оқу орындарында оқитын 50-ден астам жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар қатысты. Жиын барысында «Сәт­ті қадам» жобасы аясында жо­ға­ры және арнайы оқу орындарын тәмамдайтын түлектерді жұ­мысқа орналастыру және қолдау көрсету, сонымен қатар мемлекеттік мекемелер мен үлкен кәсіп­орындарда жұмыс істейтін жастармен байланыс орнату үшін кәсіпорын басшыларымен келісімшарт бекітілді. – «Нұр Отан» партиясының негізгі ба­сым­дық­тарының бірі – әлеу­меттік саясатты жү­зеге асыру. Елбасы жастардың жұмысқа орналасуы үшін мемлекеттік мекемелер мен түрлі кәсіпорындарда алғашқы тәжірибені жинақтап, білімін еңбекпен ұштауына қолдау көрсету жөнінде үнемі айтып келеді. Осы ар­қылы екі мәселенің алдын алуға болады. Яғни, жастардың арасында жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу және жас қазақстандықтарды ел экономикасын жаңғыртуға тар­ту. «Сәтті қа­дам» жобасы осы мәсе­ле­­лердің шешімін қа­рас­­­тырады, – деді партияның «Жас Отан» жас­тар қанаты облыстық филиалының төрайымы Маржан Бақыт. Оның айтуынша, жоба аясында мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жас маман­дардың тәжірибеден өтуін ұйымдастыру, жоғары және кәсіптік-техникалық білім алған жетім балаларды жұ­мысқа орналастыру, жас­тардың жұмыспен қамтылуы туралы шынайы жағдайды бақылау және мониторинг жасау сынды маңызды міндеттер қарастырылған. Бүгінде бұл жобаны жүзеге асы­руға шығыс­қазақстандық кәсіп­орындар үлкен қолдау көрсетіп отыр. Атап айтқанда, кездесу ба­­ры­сында «Жас Отан» жастар қанатының обл­ыс­тық филиалының жетекшісі Маржан Бақыт «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ жас­тар бірлестігінің төрағасы Михаил Байтеряковпен, «Шығыс-Сүт» ЖШС бас директоры Сейілжан Сай­­лаубаевпен, «ОРЕОЛ» ЖШС директоры Сергей Коротинмен және «Өскемен қағаз фабрикасы» ЖШС директоры Ерлан Жар­мұхаметовпен өзара әріптестікті дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды. – Біздің негізгі міндетіміз «Сәтті қадам» жобасы шеңберінде жастар саясатын жүзеге асыру, жастар қоз­ғалысын дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру шеңберінде әріптестік орнату, қоғамның барлық саласын жастарды шығармашылық, мә­дени, рухани және зияткерлік тұрғыдан дамытуға тарту болмақ, – дейді шығысқазақстандық жас­отандықтар. Аталған бағдарлама аясында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жұ­мыспен қам­ту мәселесін 2016-2018 жылдар ара­лығында толығымен шешу көз­делген.  Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.