Ақсудағы Еуразиялық Топ (ERG) құрамына кіретін «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-та электр стансасының осы жылдың қаңтар айына жоспарланған электр қуатын өндіру мөлшері 1 млрд. 422,7 миллион кВт/с құрады. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 32,7 миллион кВт/с артық орындалыпты. Электр қуатын артық шығару станса өнімін тұтынушылар арасындағы сұраныстың өсуіне байланысты. Еліміздің алып кәсіпорындары – ERG құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты», Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігі стансаның басты тұтынушылары.
– Соңғы екі айдың ішінде стансадағы энергоблоктар тоқтаусыз жұмыс жасады. Қаңтарда станса белгіленген қуатын 1912 МВт-ға дейін пайдаланды. Бұл көрсеткішке қол жеткізуге станса жабдықтарының жүйелі жаңартылуы өз септігін тигізді, – дейді стансаның өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Сергей Мануилович.
Бөлім басшысы айтқандай-ақ, Ақсу электр стансасында 2001 жылдан бері ескірген жабдықтарды жаңарту және қайта құру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі күні стансаның 8 энергия блогының 5 кешенді түрде жаңару мен жаңғыртылу жүйелері арқылы толықтай жетілдіруден өтті. Бүгінгі күні №5 энергия блогында құны шамамен 277 миллион доллар тұратын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. 1996 жылдан бастап «ЕЭК» АҚ жабдықтардың күрделілігі әртүрлі жөндеу және қайта құру жұмыстарына 190 млрд. теңге жұмсапты. Жалпы, стансада белгіленген қуат көлемі 245 МВт құрайды.
Ал кәсіпорынға қарасты «Шығыс» кенішінде де еңбек өнімділігін арттыратын жаңа техникалар жұмыс жасауда. Жуырда кеніштің техникалық паркі МПЛ-150М1У жаңа сынамалы өңдеу машинасымен толықты. Бұл механизм көмірді ұсақтап, оның сынамасын дайындау үшін зертханада сапасын анықтауға арналған. Техниканың өнімділігі – сағатына 2,2 тонна. Сынамалы өңдеу машинасы қатты отын материалдарын ұсақтағаннан кейін зертханаға жіберіледі. Жаңа МПЛ-150М1У машинасы ұнтақтағыш балғадан, шөмішті-шынжырлы конвейерден тұрады. Барлық бөлшектері бір жерде жинастырылған. Машинаны «ДИК» компаниясы жасаған, жаңа техниканың құны 5 миллион теңгені құрайды. Ол арнайы даярланған үлкен әрі жарық бөлмеде орнатылған.
– Заман талабына сай жабдық біздің көмірді ұсақтау кезіндегі уақытымызды үнемдей түседі. Еңбек өнімділігі артады. Ескі жабдықпен салыстырғанда, көмірді ұсақтау кезіндегі шаң-тозаңның пайда болуы жаңа жабдықтың арқасында азайды, – дейді «Шығыс» кенішінің бас геологы Бектас Смақов.
Бұл күндері «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ тұрақты түрде өндіріс тиімділігін арттыруда. Басты мақсаты – еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, әрқашанда алға ұмтылу. Кәсіпорынға елімізде өндірілетін электр энергиясының 17 пайызы және көмірдің 20 пайызы тиесілі. Кәсіпорында 6 181 адам еңбек етуде.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы.