Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропалық одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы, елші Траян Христеамен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың ахуалы мен келешегіне қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде пікір алмасылды. Тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қазіргі даму қарқынына қанағаттанатындарын білдірді.
Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі болып саналады. Өткен 10 жыл ішінде Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда айналымы 13 есе, ал Қазақстан экономикасына салынған еуропалық инвестициялардың көлемі 10 есе артты. Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымының жартысынан көбі және Қазақстан экономикасындағы шетелдік капиталдың 49 пайызы Еуропалық одақтың үлесіне тиеді. Қазақстанның Еуропалық одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 2015 жылы 31,2 миллиард АҚШ долларына жетті. Ол елдің жалпы сыртқы сауда көлемінің 51,4 пайызын құрайды.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың болашақтағы жай-күйіне қатысты ауқымды мәселелер талқыланып, тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті жайттары бойынша пікір алмасты.
Өз сөзінде Г.Әбдіқалықова Еуропалық одақтың қолдауымен Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына толыққанды мүше болғанын атап өтті. «Біздің еліміз үшін былтырғы 2015 жылдың желтоқсанында қол қойылған Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің маңызы зор. Бұл тараптар арасындағы өзара сауданың одан әрі өсуіне және өзара іс-қимылдың жан-жақты нығаюына зор үлес қосатын болады. Сондықтан да, бұл келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы қатынастардың дамуын жаңа кезеңге шығарады. Менің ойымша, келісім барлық бағытқа – саясатқа да, экономика мен мәдени дамуға да жаңа серпін береді. Қазір Үкімет бұл келісімді ратификациялау мәселесіне үлкен мән беріп отыр. Құжат жақын аралықта рәсімделетін болады, өйткені, бұл шұғыл қаралатын сипаттағы келісім», – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.
Жүздесуде Мемлекеттік хатшы Еуропадағы серіктестерді Қазақстан экономикасын индустрияландырудың екінші кезеңіне және «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасына қатысуға шақырды. Сондай-ақ, елшіні ағымдағы жылдың наурыз айында Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы өтетінінен хабардар етіп, Еуропалық Парламент өкілдерінің халықаралық байқаушылар ретінде сайлау үдерісіне белсене қатысатынына сенім білдірді.
Айта кететін жайт, Қазақстан ЕО-ның 30 ірі сауда серіктесінің тізіміне енеді және жалпы сауда айналымында 26-орын алады.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Т.Христеаның Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы өзара түсіністік пен үнқатысуды нығайту жолындағы қызметіне табыс тіледі.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».