• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Қазақстан Еуропа чемпионатынын жартылай финалына жолдама алды (фото, видео)

357 рет
көрсетілді

АСТАНА. 10 ақпан. Сербия астанасы – Белград қаласында өтіп жатқан футзалдан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы жартылай финалға жолдама алды. Ширек финалда қазіргі құрлық чемпионы – Италиямен кездескен жерлестеріміз 5:2 есебімен басым түсіп, кезекті рет сенсациялық нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Кездесудің алғашқы минуттарынан бастап басымдықты өз қолдарына алған қазақстандықтар жүйелі ойын өрнегімен қарсыластарын әбден састырды. Алайда, алғашқы гол 16-минутта соғылды. Бұрыштан допты ойынға қосқан команда капитаны Дінмұхамбет Сүлейменов командалас әріптесі Леоға соққы жасайтын тамаша мүмкіндік жасап берді. Нәтижесінде соңғысының шірене тепкен добы Италия қақпасынан табылды. Бірінші таймның соңында Какаудың шәкірттері есепті еселеді. Бұл жолы да гол Леоның қатысуымен соғылды. Атап айтқанда, оның айып алаңының сыртынан тепкен добы қақпа бағанасынан кейін серпілген болатын. Қақпашының допты қайтара алмай, қарбаласқа түскен сәтін тиімді пайдаланған құраманың сұрмергені Серік Жаманқұлов чемпионат барысындағы төртінші голын соқты. Қазіргі кезде бұл қазақ футболшысының турнирдің мергендер көшінде алдыңғы қатарда тұрғанын мақтанышпен атап өткен жөн. Екінші тайм Италияның шабуылымен басталды. Нәтижесінде 23-минутта Фортино мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартты. Арада бар болғаны 30 секунд өткенде, Қазақстан сапынан Шыңғыс Есенаманов тамаша голдың авторы атанып, есепті 3:1-ге жеткізді. Шыңғыстың алаңның орта тұсынан тепкен добына Италия қақпашысы еш қайран көрсете алмады. Қақпаларына үшінші доп жіберіп алған итальяндықтар тайлы-тұяғымен алға ұмтылды. Алайда, олардың ойындарына сәттілік жетіспей, тепкен доптары бірде қақпа маңдайшасынан кейін серпілсе, енді бірде бағанаға тиіп, бағытын өзгертіп жатты. Ал кейбір сәтте Қазақстан құрамасының жарты командасы саналып жүрген қақпашы Игита италиялықтардың жойқын шабуылдарына лайықты тойтарыс беріп отырды. Кездесудің 35-минутында өздерінің жеңіліп жатқандарына сене алмаған Италияның бас жаттықтырушысы Роберто Меничелли тайм-аут алуға мәжбүр болды. Шәкірттерінен ақыл-кеңесін аямаған ол қақпашыны да ойыншы ретінде алаңға шығарды. Осы тактика өз жемісін беріп, Италия футболшылары 37-минутта тағы бір гол соқты. Бұл жолы нәтижелі соққы Канальдің еншісіне жазылды. Сол-ақ, екен біздің бас жаттықтырушы Какау да өз құқын пайдаланып, тайм-аут алды. Бір қызығы, бұл әрекет те нәтижелі болып, жерлестеріміз қарсыластар қақпасына төртінші голдарын енгізді. Қақпа бағанасынан кейін серпілген доп Дәурен Нұрғожинге тиіп, қайтадан торға топ ете түсті. Осымен тағы бір қазақ футболшысының есімі отандық футзал тарихында Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде гол соққан ойыншы ретінде жазылды. Ойынның нүктесін есеп ашқан футболшы Лео қойды. Матчтың соңғы секундтарында алыстан бос қақпаны дәл көздеген ол дубльдің авторы атанды. Осылайша, құрлық біріншілігіне алғаш рет қатысып отырған Қазақстан жартылай финалға дейін жетіп отыр. Енді турнирдің аталған сатысында біздің құрама Испаниямен сынға түседі. Бұл ойын 11 ақпаннан 12-сіне ауысқан түнде ойналады. Ал жартылайфиналдық екінші жұпты Сербия мен Ресей командалары құрады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: uefa.com.