АЛМАТЫ. 10 ақпан. Таяу күндері «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестік 2015 жылды қорытындылап, бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімет таратты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Теңізшевройл» 2015 жылы мұнай өндіру көлемін 27,16 миллион тоннаға жеткізген (217 миллион баррель). Бұл жаңа рекордтық көрсеткіш болып есептеледі. Сол сияқты өткен жылы «Теңізшевройл» сұйытылған газ сату көлемін 1,27 миллион тоннадан асырып, құрғақ газ сату көлемін 6,85 миллиард текше метрге жеткізді. Сондай-ақ, 2,7 миллион тонна күкірт сатты. Бұл аталмыш кезеңдегі өндірілген 2,4 миллион тонна күкірттің 113 пайызын құрайды.
«Теңізшевройл» жоғары сапалы күкірттің үш түрін көптеген елдердегі сатып алушыларға, оның ішінде Қазақстан Ресей, Украина және Қытай мемлекеттеріне, сонымен бірге Жерорта теңізі бассейні мен Атлант мұхиты жағалауы елдеріне өткізеді.
Қазіргі таңда «Теңізшевройл» өндірілген газдың 98 пайызын кәдеге жаратады. Ал 2015 жылы атмосфераға жіберілген шығарындылар көлемі өндірілген мұнайдың бір тоннасына шаққанда, орта есеппен, 2,24 килограмды құраған.
Қаржы көрсеткіштерге келетін болсақ, 2014 жылы Қазақстан Республикасына төленген тікелей төлемдердің мөлшері 14,7 миллиард АҚШ доллары болса, 2015 жылы аталған төлемдер көлемі 8,2 миллиард АҚШ долларын құрады.
«Теңізшевройл» 2015 жылы қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға 2,4 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсаған.
Қазіргі таңда жұмыс істейтін қазақстандық қызметкерлердің үлесі 1993 жылғы 50 пайыз көрсеткішпен салыстырғанда 86 пайызға өсті. Ал жергілікті ұлттық басшылардың, орта буын жетекшілерінің үлесі жалпы басшылық құрамның 74 пайызын құрайды.
Кадрларды оқыту және шыңдау жөніндегі тұрақты бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде жауапты басшылық лауазымдарға тағайындалған жергілікті қызметкерлер қатары көбейе түсуде.
Әлеуметтік салаға үлесте 2016 жылдың «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы бюджеті 25 миллион АҚШ долларын құрайды. Қаржының негізгі үлесі Атырау облысында балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалады. 2016 жылы Атырау облысының денсаулық сақтау, білім және оқыту салаларының сапасын жақсартуға көмектесу үшін «Теңізшевройл» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасына 1 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы бөлінді.
«Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазіргі кездегі серіктестері: «Шеврон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» АҚ – 20%, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» – 25% және «ЛукАрко Б.К.» – 5% болып табылады.
Айнаш Есали.
Дерек, сурет: egemen.kz.