ШЫМКЕНТ. 10 ақпан. Қазығұрт ауданында жыл басынан бері иттердің қауып алуы оқиғасынан амбулаториялық хирургия және травматологиялық орталыққа 600 адам келіп тексерілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жақында тағы бір адамды өзінің иті қауып алған. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп өмірге сыйымсыздау мәтел шығарып алып, ештеңе болмағандай жүре беретін алаңсыз халықпыз ғой.
1958 жылы дүниеге келген, өз иті өзін қапқан азаматтың жайбарақаттығы өзінің түбіне жетті. Иті құтырған болып шықты. Жыл басынан бері екі адам осы құтырған дертінен көз жұмды. Облыстық тұтынушылардың құқық қорғау департаментінің мәліметі бойынша екінші көз жұмған адам Кентау қаласынан екен. Көшеде бір ит жас келіншекті қауып алған.
Алайда, екеуі де дәрігерлердің бақылауына кеш барған. Індетті жер эпидемиологияға қарсы орындардың күш салуымен залалсыздандырылды.
Облыста иесіз, қанғыбас иттер көбейіп барады. Олармен күрес көңілдегідей емес. Жасаған «сақтансаң сақтаймын» дейді. Аман-сау жүргенге не жетсін.
Бақтияр Тайжан.
Дерек: egemen.kz
Сурет: kz.otyrar.kz