Облыс орталығы деген мәртебесі бар Ақтау қаласында біразға дейін жас буынға мамандық беретін оқу орны болған жоқ. Материалдық жағынан шекесі шылқып тұрмаса да, оқу-білім іздеген талапкерлер Алматыға, жақын жердегі Атырауға қарай шұбыратын. Әрине, ол кездегі білім сапасының деңгейін төмен дей алмаймыз, бірақ алыс ауылдан келген жастар алып қалада ашқұрсақ жүргені былай тұрсын, басын сұғатын тұрақ іздеп жатақхана мен пәтерлердің табалдырығын тоздыратын. Қазір Ақтау тұрмақ, Маңғыстау облысының ең шалғай өңірі – Бейнеудің өзінде бір емес, екі бірдей колледж бар. Оның бірі – Бейнеу политехникалық колледжі – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Отанымыздағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалуын қорытындылай келіп, енді еліміздегі өнім өндіретін көп векторлы саланы дамыту үшін Қазақстандық кадрларды, соның ішінде білімді, білікті, бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандар мен техник-технологтарды дайындауымыз керек. Ол мамандар шетелден келген мамандардың орнын баса алатын ұлттық кадрлар болуы қажет деген тапсырмаларын жүзеге асыру барысында ел өміріне, дамуына қажетті жұмысшы мамандарын даярлауға дайындықпен бет бұрған оқу орындарының бірі. 2004 жылы Бейнеудегі мектепаралық оқу өндірістік комбинатын қайта ұйымдастыру арқылы «Бейнеу кәсіптік-техникалық мектебі» болып құрылып, одан кейін «Бейнеу кәсіптік лицейі», соңғы төрт жылдан бері «Бейнеу политехникалық колледжі» болып қайта құрылған оқу орны аудан ғана емес, өңірдің, еліміздің дамылсыз тірлігіне білек сыбана кірісетін жас жұмысшы мамандарға үлкен өмірге жолдама беріп келеді.
«Тоғыз жолдың торабы» атанған Бейнеуден төрт – Ақтау – Бейнеу – Түрікменстан, Бейнеу-Қарақалпақстан-Өзбекстан, Бейнеу-Жезқазған, Бейнеу-Атырау-Ресей бағыттарында теміржол және осы төрт бағытта қатынайтын автожолдар тартылған. Сондай-ақ, газ, мұнай, су тасымалдайтын құбырлар бойындағы стансалар да қалтқысыз қызметті қажет етеді. Қазіргі таңда аталмыш аудан аумағында, Үстірт аймағында бес орында мұнай және газ кен орындары игерілуде. Өңірдің экономикалық-өндірістік сипатына, кен орындары мен құрылымдарға және аудан тұрғындарының сұранысына қарай колледжде 2013 жылдан бастап мамандықтарға жіктеу жүргізіліп, негізінен үш бағытта білікті жұмысшы мамандарды және техник-технологтар мен халыққа қызмет көрсету мамандарын дайындауды іске асыру қолға алынды. Колледж материалдық-техникалық тұрғыда заманауи қамтылған, кәсіпқой жұмысшы мамандарын дайындауға толық мүмкіндігі бар. Оқу-әдістемелік және ақпараттық-коммуникативтік технологиямен жабдықталған оқу орнында серверлік кабинет арқылы сымсыз интернет желісіне қосылған жүзден аса компьютер, бірнеше оқу кабинеттері мен станоктар, электрмен және газбен дәнекерлеу аппараттары орнатылған өндірістік оқу шеберханасы бар. Жүргізуді үйренуге арналған аумағы 6 га автодром, жеңіл және жүк таситын көліктер, бульдозер, экскаватор, трактор автокөліктері, сонымен қатар автокөлік бөлшектерін бұзып, қайта жинап үйренуге арналған гараж және оның жанында өндірістік оқу шеберханасы студенттердің игілігіне жұмыс жасап тұр. Спорт кешені түрлі тренажерлермен жабдықталып, студенттердің саламатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасалған, 6 спорттық секция тұрақты жұмыс жасайды.
Бүгінгі білім менеджментінің басым бағыттарының бірі – терең білімді, ізденімпаз, жаңалыққа бейім жас мамандарды конкурс негізінде қабылдау, ұжымдағы педагогтардың дамуына қажетті жағдай жасау, әріптестердің бастамаларын қолдау, қолайлы атмосфера туғызу десек, колледжде мұғалімдердің өз білімін тұрақты көтеріп, ізденімпаздықпен жұмыс жасауы талап етіледі және оған жағдай жасалған. Он екі жылдық тарихы бар жас колледждің оқытушылары студенттерге білім берумен бірге, жеке шығармашылық шеберліктерін жетілдіріп келеді. Колледждің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында облыстық, республикалық шараларына қатысу рейтингінің қорытындысы бойынша 2008-2010 жылдарда үш жыл қатарынан жеңімпаз атануы, Маңғыстау облысындағы кәсіптік лицейлер арасында өткен «Ең үздік кәсіптік лицей-2009» және «Қазақстан Республикасы кәсіптік лицейлердің ең үздік әдістемелік қызметі» сайыстарынан бас жүлдені иеленіп, 2011-2012 оқу жылының қорытындысы бойынша облыста «Ең үздік техникалық-кәсіптік білім беру орны» байқауында, 2012-2013 оқу жылында «Ең үздік әдістемелік қызметі» байқауында жүлдегер атануы, мұғалімдері мен студенттердің республикалық сайыстарда топ жаруы колледждің бет-бейнесін аңғартса керек. Бірқатар мұғалімдердің түрлі баспалардан бірнеше таралыммен басылып шыққан жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған кітаптары облыс, республика көлемінде таратылған. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған «Жоба» бөлімі республикадағы дамуға қажетті мамандықтар бойынша шығарған рейтингіде республикадағы 849 колледж ішінен Бейнеу политехникалық колледжі таңдаулы 30 колледждің қатарына енді.
– Білім беру саласындағы жаңару оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуда. Колледжімізде әдістемелік қызметтің жоспарына сәйкес жаңа технологиялық инновациялық әдіс-тәсілдерді, оқыту технологияларын тиімді пайдаланып болашақ мамандарды жан-жақты қалыптастыру мақсатында эксперимент түрінде кембридждік оқыту технологиясын және бағалаудың кредиттік технологиясын енгізіп оқушының бойында ізденімпаздықты, шығармашылық ойлауды, бастамашылдықты дамытуға мүмкіндік жасалуда, – дейді колледж директоры Мұханмеди Насухаев.
Қай мекеме-ұйымда болмасын, ілгерілеушілік пен нәтиже тізгінді ұстаған басшының қабілетіне қатысты болады. Колледж жұмысының тиянақтылықпен ұйымдастырылуында М.Насухаев бастаған колледж ұстаздарының табанды еңбегі тұр.
Колледж оқытушылары студенттерге тәжірибелік орта қалыптастыру үшін шығармашылық топ құрып, қажетті әртүрлі макет, тренажерлер дайындауды қолға алған. Жас мұғалімдерден құрылған «BEYNEU Software» шығармашылық тобы «Тепловоз машинисі» мен «Тепловоз машинисі көмекшісі» мамандығына арналған тепловозды басқарудың виртуалды симулятор-тренажерлерін, «Теміржол көлігінде автоматика, телемеханика және қозғалысты басқару, теміржол көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру және басқару» мамандығына арналған «Автоматтандырылған белгі беру, орталықтандыру және бұғаттау құрылғыларын басқару» симулятор-тренажерын, «Мұнай мен газды қайта өңдеу технологиясы» және «Мұнай мен газ кен орындарын пайдалану» мамандықтарын оқытуға арналған «Мұнай мен газды кәсіпшілікте жинау және дайындау процестерін оқытатын имитатор-макет», «Мұнай және газ кен орындарын сынамалы пайдалану процестерін оқытатын интерактивті макет», «Мұнай мен газ кен орындарын игеру кезеңінде скважиналарды сынақтан өткізуге арналған технологиялық кешен стендіні» қолдан жасап, дуалдық оқыту технологиясының талаптарына сәйкес теориялық білімді практикаға ұштастырып оқу орнының базасында тиімді қолдануда.
– Биыл тәуелсіздіктің 25 жылдағы, сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім берудің 75 жылдығы қарсаңында Бейнеу политехникалық колледжі ұжымы жастарды дамыта отырып, инновациялық оқу бағдарламасына сәйкес ел экономикасының дамуына адами капиталмен, яғни білікті жұмысшы мамандармен толықтыру арқылы өз үлесін қосатын болады, – дейді директордың ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі Мүгүлсім Балжігітова.
Алыс ауданда ауқымды жұмыс жүргізіп отырған колледждің түлектері түрлі мекемелерде, әсіресе жаңадан салынған Бейнеу-Шалқар теміржолы бекеттерінде жұмысқа кірісіп те кетті. Тәуелсіздік алған соң өмірге келген қылшылдаған жастар белін буып, білекті сыбанып ен далада еңбек етіп жүр.
Маңғыстау облысы.