• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Зығырдан жылу алынуда

370 рет
көрсетілді

Зеренді ауданындағы «Викторовка» ЖШС үнемшілдік қозғалысын өрістетуде. Мәселен, шаруашылық Польшадан сатып алынған бу қазандығы арқылы шығын көлемін едәуір азайтып, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етуде. Бұл қазандықтың өзіндік ерекшелігін атап көрсеткіміз келеді. Оны қолдану қарапайым әрі тиімді болып шықты. Кеңсе, техника тұрақтарына, машина-трактор шеберханасы мен әлеуметтік нысандарға жылу беретін бу қазан­дығында көмірдің орнына зығыр сабаны жағылады. Сабанды жағу үшін тамызықтың да қажеті жоқ. Сіреңке тұтатсаң болды, лап ете қалады. Қақпағы жабылғаннан соң пештегі орама 2 сағат бойы шоқтанып жатады. Аязды күндері тәулігіне 12 зығыр орамасы жағылса, 20 градусқа дейінгі суық күндері 8 орама жетіп жатыр. – Сыйымдылығы 25 текше метр қазандықтағы су әуелі қайнатылады, – дейді ЖШС директоры Виктор Андрюхин. – Ол арнайы сорғыш арқылы жылу жүйесіне жіберіледі. Қызу мөлшері компьютер арқылы реттеліп отырады. Бұрынғы бу қазандығында тәулігіне құны 30 мың теңгеге бағаланған 2-3 тонна көмір жағылатын. Ал, зығыр сабанының бір орамасына жұмсалатын шығын 900 теңгені құрайды. Қарапайым есепке жүгінсек, қазір тәулігіне 9 мың теңгеге бағаланған зығыр орамалары жағылады. Яғни, бұрынғы жылдары жұмсалатын қаржының 60-70 пайызы үнемделуде. Біз көптен бері майлы дақылдарды өсірумен айналысамыз. Зығырдың сабаны Викторовка мен Красиловка селоларының іргесінде молынан маяланған. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Зеренді ауданы.