• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Қазақстан жартылай финалда Испанияға есе жіберді

272 рет
көрсетілді

АСТАНА. 12 ақпан. Футзалдан Сербия астанасы – Белград қаласында өтіп жатқан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы жартылай финалда Испаниямен кездесті. Тартысты өткен матч испандардың пайдасына 5:3 есебімен аяқталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Аталған кездесуге командамыздың көшбасшысы, қақпашы Игитаның ескертуіне байланысты қатыса алмағанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, тағы бір негізгі ойыншымыз Шыңғыс Есенаманов та жарақаты себепті ойынды алаң жиегінен тамашалауға мәжбүр болды. Соған орай құраманың бас жаттықтырушысы Какау қақпа кілтін Григорий Шомроға сеніп тапсырды. Ол да Игита сияқты қажет кезде қақпасын тастап шығып, шабуылдағы әріптестеріне көмектескенімен, ойынға айтарлықтай қан жүгірте алмады. Жалпы, Игита мен Есенамановтың алаңда жоқтығы матч барысында айқын сезілді. Соған қарамастан, командамыздың ойынына жоғары баға бергеніміз жөн. Себебі, құрлықтың алты дүркін чемпионы деген атағы бар азулы қарсыласқа біздің жігіттер лайықты қарсылық көрсетті. Тіпті, алғашқы минуттардан бастап алға ұмтылып, бірінші болып гол соққан Қазақстан еуропалықтарға еріксіз бай шайқатты. Атап айтқанда, кездесудің 4-минутында ұрымтал сәтті мүлт жібермеген Александр Довгань есеп ашты. Алайда, жерлестеріміз бұл басымдықты ұзақ ұстап тұра алмады. Испандар 8-минутта Бебенің көмегімен таразы басын теңестіріп кетті. Осыдан кейін ойын тең жағдайда өрбіп, қос команда алма-кезек шабуылдар ұйымдастырды. Ал үзіліске 3 минут уақыт қалғанда қарсыластарымыз қарқынын күшейтіп, бас-аяғы бірер минуттың ішінде екі гол соғып кетті. Алдымен 17-минутта Мигелина мергендігімен көзге түссе, араға бір минут салып Рауль Кампос есепті 3:1-ге жеткізді. Екінші тайм Қазақстанның шабуылымен басталды. Дегенмен, Лео мен Серік Жаманқұлов ұйымдастырған бұл шабуыл аяқсыз қалды. Өз кезегінде испандар берілген мүмкіндікті құр жібермей, Алекс 26-минутта командасының төртінші добын енгізді. Ірі есепке қарамастан, біздің жігіттер шабуылдарын жалғастыра берді. Сауатты қимылдаған олар есеп айырмасын бір допқа дейін қысқартқан болатын. Нақты айтсақ, 36-минутта Михаил Першин нәтижелі соққы жасады. Ал арада екі минут өткенде Серік Жаманқұлов чемпионаттағы бесінші голын соғып, отандық жанкүйерлерге үміт сыйлады. Бірақ, біздің көңілімізді соңғы минуттағы Кампостың голы су сепкендей басып тастады. Осылайша, турнирге алғаш рет қатысып, жартылай финалға дейін жеткен Қазақстанды азулы Испания ғана тоқтата алды. Енді отандастарымыз алаң иесі Сербиямен қола жүлдеге таласады. Ал испандар финалда Ресеймен чемпиондық атақты сарапқа салады. Бұл ойындар бүгін ойналады. Жалпы, дебютант бола тұра жартылай финалға жетудің өзі қазақ футзалы үшін үлкен жетістік. Десек те, темірді қызған кезде соғып, жүлдеге қол жеткізіп жатсақ, тек футзалымыз емес, тұтас қазақ спорты үшін мәртебе болары сөзсіз. Ендеше доп теуіп ұлтымыздың атын шығарып жүрген ұландарымызға сәттілік тілейік. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: uefa.com.