• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

«Қазақстан» телеарнасында «Жамбыл» фильмі көрсетіледі

683 рет
көрсетілді

АСТАНА. 12 ақпан. Ақынның 170 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстан» телеарнасы Жамбыл Жабаев туралы 4 сериялы тарихи драма әзірледі. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК ақпары бойынша egemen.kz тілшісі хабарлады. Фильм «Қазақстан» арнасында 28 ақпанда, яғни ақынның туған күнінде көрермендер назарына ұсынылады. Ақын өзінен кейін бай мұра қалдырып, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлкен үлесін қосты. Фильмде Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы мен өмірлік жолы толықтай көрсетілген. Фильмнің шығармашылық тобы басты рөлді сомдауға көптеген танымал әртістердің ішінен көп уақыт бойы іріктеу жасады. Нәтижесінде Жамбыл рөлі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер, әнші, композитор, драматург – Байғали Есеналиевке берілді. Байғали Есеналиевтің айтуынша, ақынның бейнесін экранда сомдау оңай емес. Себебі түсірілім кезінде салмақ бас кейіпкерге түседі. «Мені ақының рөлін сомдауға шақырғанда, ойланбай бірден келісімімді бердім. Кастингке келсем, басты рөлге үміткер ретінде көптеген танымал актерлердің фотолары ілініп тұр. Олардан озып жүлде алу қайда!?- деп ойланып қалдым. Десем де барған соң бағымды сынап көруге бел будым. Сол күні сәтті күн болып, конкурстан өтіп кеттім. Режиссер сыртқы ұсқыныма қарап біраз салмақ тастау керек деді» ,  деп еске алады Байғали Есеналиев. Жамбыл Жабаев көп қырлы тұлға. Оның ақындығын былай қойғанда, жыр алыбы айрықша суырып салма шешендігімен танымал. Жамбылдың поэзиясы әрдайым қарапайым халықпен байланысты болған. Телесериалдың негізгі көріністері табиғаты әсем Алматы облысының «Үшқоңыр» баурайында, Жамбыл облысы мен Мәскеуде түсірілді. Экранда тек қана тарихи кейіпкердің өмірбаяны емес, сонымен қоса ХХ ғасырдың ортасындағы еліміздің сол дәуірдегі көрінісі көрсетілген. Сонымен бірге фильмде бұған дейін көп айтыла қоймаған ақынның өмірінен алынған қызықты деректер көрсетіледі. Соның бірі – Жамбыл мен Бұрымның бір біріне деген махаббаты жайлы болмақ. Түсірілім тобы декорацияларға, актерлердің костюмы мен образдарына жете көңіл бөліп, әзірлеген. Сол арқылы Жамбыл өмір сүрген дәуірдің  толықтай көрінісін көрсете алды. Фильмнің режиссері «Лавэ», «Жеңіс семсері», «Қазына» және тағы басқа кинотуындыларды түсірген Әнуар Райбаев. «Біз түсіріп жатқан «Жамбыл» көркем фильмі 4 бөлімнен тұрады. Қазақ сөз өнерінің «импровизация» үрдісін жаңа арнаға бұрып, жаңаша мазмұн дарытқан Жамбыл атамыз, қарапайым қара сөздің майын тамызып, талай айтыста жеңіске жеткен, ел алдында беделді еді. Жұдырықтай жүрегіне Жетісу мен Алатауды былай қойғанда, бүкіл әлемді сыйдыра білген, дана ақынның елге қалдырған аталық, даналық сөздерін, ел бүгінде аузынан тастамайды. Жүрген жерінде, «мың өліп-мың тірілген» барша қазаққа батасын берген Жамбылдың сол батасы бүгінгі күні де жерде қалмай, арманы мен ой өрісі көкке өрлегеніне қазіргі «ұрпақ» біз куә! Біздің мақсат Жамбыл атамыздың «адами» тұлғасы мен қадір-қасиетін басқа қырынан көрсетіп, абыройын көкке өрлету», дейді фильмнің режиссері Ануар Райбаев. Картинада Айгүл Үлкенбаева (Дина Нұрпейісова), Ілияс Тұрманов (Лаврентий Берия), Әйгерім Сәменова (Күләш Бәйсейітова), Жоламан Әміров (Жабай), Ергенбай Әбуев (Сүйінбай), Нұрбек Мұқыш (Кенен Әзірбаев), Боранбай Молдахметов (Мұхтар Әуезов), Қанат Жүнісов (Сәкен Сейфулин), Кентай Ақүрпеков (Темірбек Жүргенов), Бақыт Беделхан (Бауыржан Момышұлы) және тағы да басқа белгілі актерлер ойнайды. Дастан Кенжалин. Дерек: «Қазақстан» РТРК. Сурет: egemen.kz