• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Саяси науқанға «Бірлік» партиясы да қосылды

218 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кешегі отырысында ОСК «Бірлік» саяси партиясының партиялық тізімін тіркеді. Қаулы жобасымен Комиссияның хатшысы Бақыт Мелдешов таныстырды. «Сіздердің назарларыңызға «Бірлік» саяси партиясының пар­тиялық тізімін тіркеу туралы қаулы жобасы ұсынылып отыр. Құжат бойынша «Бірлік» саяси партиясының партиялық тізімі тір­келеді. Тіркелген Парламент Мә­жілісінің депутаттығына канди­дат­тарға куәлік беріледі. Канди­даттардың саны – 8», – деді Бақыт Мелдешов. Оның хабардар еткеніндей, партиялық тізімге енгізілген азаматтардың ҚР-ның «Сайлау туралы» заңнамасына сәйкестігі еліміздің Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасы арқылы тексерілген. Аталған ведомстволар берген ақпараттарға сәйкес, партиялық тізімдегі азаматтардың барлығының да заңға сәйкестігі анықталған. Кандидаттардың және олардың жұбайларының табысы және мүлкі туралы декларациялары салық органдарының анықтамаларымен расталған. ОСК мүшелері қаулы жобасын бірауыздан мақұлдады және «Бірлік» саяси партиясының атауы дауыс беру бюллетеніне енгі­зілетін болып шешім қабылданды. Бұдан соң Ортсайлауком басшысы Қуандық Тұрғанқұлов ОСК-ның отырысына қатысқан «Бірлік» саяси партиясы төрағасының орынбасарлары Т. Қуанышевқа және Б. Байқадамовқа Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мә­жілісінің депутаттығына канди­даттардың куәліктерін тап­сырды, сондай-ақ, «Бірлік» партия­сының пар­тия­лық тізіміне енгізіл­ген Мәжі­ліс депутаттығына бар­лық канди­даттардың куәлік­терін берді. Атап өтейік, 2016 жылғы 12 ақпандағы жағдай бойынша Орт­сайлаукомға ұсынылған 6 пар­тиялық тізімнің барлығы тіркелді. Олар – «Нұр Отан» партиясының, «Ақ жол» ҚДП-ның, «Ауыл» ХДПП-ның, ҚКХП-ның, ЖСДП-ның жә­не «Бірлік» СП-ның партия­лық тізімдері. Орталық сайлау комис­сия­сының кешегі отырысында, сондай-ақ, «2016 жылғы 20 нау­рыз­ға тағайындалған Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихат депу­тат­тарының кезекті сайлауы­на халықаралық ұйымның бай­қау­шыларын аккредиттеу туралы» қаулы да қабылданды. ОСК мүшесі Татьяна Охлопкованың айтуынша, аталған қаулыға сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы жанынан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының алғашқы 12 байқаушысы аккредиттелген. Сонымен қатар, «Сайлау туралы» Заңның 12-бабына және 19-бабының 8-тармағына сәйкес Ортсайлауком заңнамада белгіленген тәпртіппен сайланғанға дейін Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының шығып қалған мүшесінің орнына С.Мәдиеваны тағайындады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.