• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Кандидаттар арасында өзін өзі ұсынғандар басым

388 рет
көрсетілді

Кеше Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқанының барысы туралы ҚР ОСК мүшесі М.Сәрсембаев брифинг өткізді. Алдымен ол партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну барысына тоқталды. Оның атап өтуінше, Орталық сайлау комиссиясына алты партиялық тізім ұсынылған. Қазіргі уақытта олардың бесеуін Ортсайлауком тіркеді. Партиялық тізімдерді тіркеу 19 ақпанға дейін жүргізіледі. ОСК мүшесі бұдан кейін барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауының жайы туралы айтып берді. «2016 жылғы 20 наурызда барлық деңгейдегі мәслихаттардың 3335 депутаты, соның ішінде облыстық, Астана және Алматы қалалары мәслихаттарының 550 депутаты, аудандық мәслихаттардың 2160 және қалалық мәслихаттардың 625 депутаты сайланады, – деді М.Сәрсембаев осы жөнінде. – Мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну белсенді өтуде. Облыстық, Астана және Ал­маты қалаларының аумақтық сай­лау комиссияларының ұсын­ған мәліметтері бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар депутат­тығына 7885 кандидат ұсынылды». М.Сәрсембаевтың хабардар етуінше, олардың 866-сы – об­лыстық мәслихаттарға, 34-і – Ас­тана қалалық мәслихатына, 133-і – Алматы қалалық мәслихатына ұсынылып отыр. Аудандық мәслихаттарға 5403 кандидат, қалалық мәслихаттарға ұсынылған кандидаттардың саны қазірге 1449 адам екен. Бір депутаттық ман­датқа орташа бәсекелестік қазір­гі кездің өзінде екіден астам адамды құрайды. Саяси партия­лар 1942 адам (24,6 %), қоғам­дық бірлестіктер 12 адам (0,2 %), ал 5931 адам (75,2 %) өзін-өзі ұсын­ғандар. Ұсынылған кандидат­тардың ішінде 40 ұлттың өкілі бар. Кан­дидаттардың 71,4 пайызы – ер адам­дар, 28,6 пайызы – әйелдер. Сон­дай-ақ, олардың 72,3 пайызы жоғары білімді, орташа жасы – 43 жас. «Ұсынылған кандидаттардың ішінде әкімдіктер мен мәслихаттар қызметкерлері – 255 адам (3,2%), мемлекеттік кәсіпорындар, мекемелер және ұйымдар қызметкерлері – 3653 адам (46,3%), коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері – 3384 адам (42,9%), саяси партия­лар мен ҮЕҰ-ның өкілдері – 135 адам (1,7%), зейнеткерлер – 60 адам (0,8%), жұмыссыздар – 202 адам (2,6%), 5 адам (0,1%) жұмыс орнын көрсетпеген. Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттар депутаттығына 1096 кандидатты тіркеді», – деп қорытты сөзін М.Сәрсембаев. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».