• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Кәсіпкерлерге де қолдау қажет

299 рет
көрсетілді

Былайғы жұртқа кәсіпкерлікпен айналысқан жандар мол пайдаға кенеліп жатқандай көрінеді. Бизнесі бар болғырдың қарапайым адамдар біле бермейтін қатпарлы қыртыстары көп сияқты. Оған «Ақ жол» партиясының қоғамдық қабылдауына келген кәсіпкерлердің арыз-шағымын тыңдай отырып көз жеткізгендей болдық. Халық арасында «кәсіпкерлер партиясы» атанып кеткен «Ақ жол» партиясы Парламент Мәжілісінің бесінші шақырылымында кәсіпкерлікке қатысты заң жобаларын талқылауға, қабылдауға ұйытқы болғаны да сондықтан болса керек. Қоғамдық қабылдау барысында сөйлеген сөзінде «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев «Қазіргі бизнестегі басты проблема қаржы мәселесі. Банкіден несие алу мәселесі қиындап кетті. Кеше үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы бизнесті дамытуға 2 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма берді. Ол қаржы банк­терге беріледі де, ал олар бизнесті дамытуға бөлетін болады. Бір атап өтерлігі, ол қолжетімді шарт арқылы теңгемен беріледі. Бұл елімізде бизнесті дамытуға үлкен көмек болайын деп отыр. Екінші жағынан, түрлі тексеруші органдар тарапынан кәсіпкерліктің қанат жаюына кедергі болып отырған жағдайлар да бар. Әсіресе, «жалған кәсіпкерлік» нормасы заңда өзгеріске енген күннің өзінде де, тексеруші органдар осы тетікті өз ыңғайына пайдаланумен келеді. Осындай кедергілерді еңсеруге байланысты алдағы уақытта кәсіпкерлермен бірлесе отырып жұмысты жалғастыра береміз. Бүгінгі қоғамдық қабылдаудың мақсаты да осы болмақшы». «Жекебатыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұрлан Дүйсенбаев Қоғамдық қабылдауға ком­пания­ның материалдық мүдделерін қорғауға шағымданып келді. Шағымдануға кәсіпкердің көп жылғы (2009 жылдан бері) «БТА Банк» АҚ-пен (қазіргі уақытта «Қазкоммерцбанк») соттасуы себеп болған. Сөйтсе, аталған банк талап ету құқықтарынан бас тарту жө­ніндегі келісімнің шарттарын өрескел бұзған. Жарты жыл бойы банк «Жекебатыр» ЖШС-нің 495 млн. теңгеден астам сомадағы қарызын өтеуді орындамаған. Мұнда «БТА Банк» «Жекебатыр» ЖШС-нің берешегін заңсыз ұлғайтып, 2009 жылғы 17 тамыздан бастап мерзімі өткен сыйақы, айыппұлдар мен индекстеуді қоса есептеп жазған. Соның нәтижесінде ЖШС «БТА Банк» АҚ-на 226 млн. теңге берешек болып шығады. Осылайша, кезінде 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтып, қонақүй бизнесі, туризм, құрылыс саласында табысты еңбек еткен компания банкінің заңсыз әрекеті салдарынан иелігіндегі меншігінен айырылғалы отырған көрінеді. Қоғамдық қабылдауға Ал­матыдан арнайы келіп, мектеп, аурухана, әскери бөлімдер, басқа да мемлекеттік мекемелер асханаларын жалға алушылардың аманатын арқалап келген Салтанат Лесбаеваның да жанайқайы жан ауыртады. Өткен жылы Ұлт­тық экономика министрлігі қабыл­даған ережеге сәйкес асханаларды жалға алу-беру құны 9 есеге бір-ақ өскен. «Мемлекеттік медицина меке­мелеріндегі асханаларды жалға беру бағасы шаршы метріне 19-28 есеге өскен. Мысалы, Ал­ма­ты қалалық орталық ауруха­на ас­ха­насының аумағы 249,2 шаршы метрді құрайды. Бұ­рын осы асхананы жалға алған кәсіп­кер жылына 207 683 теңге төлеп келсе, Ұлттық экономика ми­нистрлігінің бұйрығынан кейін жалға беру құны 5 миллион 41 мың теңге болған. Яғни, 22 есеге көтерілген. Өкінішке қарай, осыдан кейін асхананы жалға алушылар айналысып отырған кәсібін тастауға, болмаса тамақтың бағасын қымбаттатуға мәжбүр болады», – деді С.Лесбаева. Осылайша, Ұлттық экономика министрінің №212 бұйрығы асханадан тамақтанатындардың тоқшылығын емес, керісінше, кәсіпкерлікті тұралатып, асханадан ас ішетіндердің қалтасын қағатын түрі бар. Қазынаға қаржының түскені дұрыс-ақ, алайда, оның әлеуметтік жағынан аз қорғалған жандардың есебінен толтырылатыны өкінішті. «Ақ жол» партиясының қоғамдық қабылдауына келген кәсіпкерлердің бірі рейдерлік әрекетке шағымданса, ал енді бірі жергілікті билік орындары тарапынан жасалған кедергілер жайындағы арызын жеткізді. Қысқасы, шағын және орта бизнестің өркен жайып, ел экономикасының дамуына салмақты үлес қосуына әлі де кедергі жеткілікті екен. Парламент Мәжілісінің V шақырылымының депутаты Алмас Тұртаев та кәсіп­керлік саласындағы кедергілерге қатысты өз ойын ортаға салды. «Қазіргі кезде кәсіпкерлердің құқықтары тапталғандығына куә болып отырмыз. Көп жағдайда кәсіпкерлер де өздерінің құқық­тарын жеткілікті біле бермейді. Өздерінің қызметіне бай­ланысты Парламентте қабылданып жатқан заңдардан бей­хабар болып шы­ғады. Еліміз­дегі көптеген әлеу­меттік мәсе­лелердің шешімі осы шағын және орта бизнесті дамытумен тікелей байланысты ғой. Жұмыссыздық мәселесін шешуге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономиканың дамуына шағын және орта бизнестің қосатын үлесі қомақты. Ендеше, оның өркендеуіне тежеу болатын кедергілерді жоюымыз қажет», – деді ол. Қоғамдық қабылдауға үмітін арқалап келген кәсіпкерлер проб­­лемалардың түйіні тарқа­тыла­тынына сенімді. «Ақ жол» партия­сы да шын мәнінде «кәсіпкерлер пар­тиясы» болса, кәсіпкерлік жо­лындағы кедергілерді жоюға мүдделі болатыны анық. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».